1 шілдеде Ресей аумағына кіру талаптары өзгереді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан азаматтарына Ресей Федерациясы аумағына кіру үшін қосымша талаптар енгізілді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Ресейге еңбек етуге немесе білім алуға баратын қазақстандықтар үшін «Gosuslugi RuID» мобильді қосымшасын пайдалану міндеттеледі.

– Белгіленген тәртіпке сәйкес шетел азаматтары аталған қосымшада жеке профиль құрып, Ресей Федерациясына кіру туралы өтінішті мемлекеттік шекараны жоспарланған кесіп өтуден кемінде 72 сағат бұрын тапсыруы керек. Өтініш қаралғаннан кейін қосымшада кіру құқығын растайтын жеке QR-код қалыптастырылады. Аталған QR-код өтініш берілген сәттен бастап 90 күн бойы жарамды болады, – деді Е. Жетібаев Сыртқы істер министрлігінде өткен апталық брифингте.

Сыртқы істер министрлігі ел азаматтарына кіру талаптарымен алдын ала танысып, Ресейге сапарлағанда осы өзгерістерді ескеруді сұрайды.

Айта кетейік, әуе жүктерін өңдеу үшін Қазақстан әуежайларына ЖИ енгізіледі.