1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енеді

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — 30 сәуірге дейін конституциялық заң жобасы Президентке ұсынылмақ. Осыған орай заң ғылымдарының докторы Жамаладин Ибрагимов Ата заңға енгізілетін негізгі өзгерістерді тарқатты.

— Конституцияның орындалуын қадағалау Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөліміне жүктеледі. Сонымен қатар Үкімет, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар 1 шілдеге дейін барлық нормативтік-құқықтық актілерді жаңа талаптарға сәйкестендіруі тиіс. Осы жұмыстар толық аяқталған соң, Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Оның басты ерекшелігі — бірпалаталы парламенттің енгізілуі. Бұл заң шығару процесін жеңілдетіп, жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді, — деді спикер Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында.

Институционалдық өзгерістер аясында халықтың мемлекеттік басқаруға қатысу тетіктері де кеңейе түспек. Әсіресе, жаңа құрылымдардың рөлі артып, қоғам мен билік арасындағы байланыс нығаяды.

Фото: Видеодан алынған кадр

— Ата заңдағы өзгерістердің бірі — Халық кеңесінің маңызын күшейту. Енді ол мемлекеттік шешімдерге ықпал ететін жаңа саяси алаңға айналады. Бұл — халық пікірін шешім қабылдау үдерісіне жүйелі түрде енгізетін тетік, — деді ол.

Жалпы, жаңа Конституцияның мазмұны құқықтық жүйе құруға негізделген.

— Жаңа Конституцияда мемлекеттің негізгі міндеттері нақты көрсетілген. Ең басты принцип — адам құқығы. Цифрлық қауіпсіздік мәселесі де алдыңғы қатарға шықты. Білім, ғылым, инновация салаларына басымдық беріліп, әрбір азаматтың жеке деректері мен құқықтарын қорғау қарастырылған, — деді Жамаладин Ибрагимов.

Айта кетейік, Қазақстанда жаңа Конституцияға байланысты бірқатар заң әзірленеді.