1 шілдеден кассациялық соттар жұмыс істей бастайды
АСТАНА. KAZINFORM – Кассациялық қадағалауды жетілдіру - сот реформасының негізгі аспектілерінің бірі. Бұл туралы Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев мәлім етті.
- Бұл әділеттілік және заң үстемдігі қағидаттарының толық орындалуына ықпал етеді. Реформаның пайдалы сипатын ескере отырып, осы жылдың 1 шілдесінен бастап Астанада жаңа кассациялық соттар жұмыс істей бастайды, - деді Жоғарғы сот төрағасы елордада өткен «Жүргізілген сот реформасының өзекті мәселелері» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында.
Оның айтуынша, кассациялық қадағалау тәртібі стандартталған. Шағымдарды алдын ала қарау жүргізілмейді. Азаматтардың кассациялық сотқа тікелей жүгіну мүмкіндігі болады.
- Барлық шағым шақырылған тараптардың қатысуымен сот отырысында алқалы түрде қаралады. Қылмыстық және азаматтық істерді кассациялық сатыдағы сотта қарау үшін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске ұқсас, ақылға қонымды, бірақ алты айдан аспайтын мерзім белгіленді. Жоғарғы Соттағы істер Жоғарғы Сот судьясының ұсынуы немесе Бас Прокурордың наразылығы бойынша ерекше жағдайларда қаралатын болады, - деді Асламбек Мерғалиев.
Бұған дейін елімізде кассациялық соттар құрылатынын жазған едік.