1-сыныпқа құжат қабылдау қашан басталады

АСТАНА. KAZINFORM — Астана мектептерінің 1-сыныбына құжат қабылдау 27 мамырда басталып, 31 тамызға дейін жалғасады. Бұл туралы Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржан Қайырбаева қалалық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Оның айтуынша, жаңа оқу жылында елорда мектептеріне 34 мыңнан астам баланы қабылдау жоспарланып отыр. Өткен жылы бірінші сыныпқа 32 631 бала қабылданған.

— Бірінші сыныпқа мектеп аумағында тіркелген, алты жасқа толған немесе биыл алты жасқа толатын балалар қабылданады. Мамандандырылған білім беру ұйымдарын қоспағанда, балаларды мектепке қабылдау олардың дайындық деңгейіне қарамастан жүргізіледі, — деді ол.

Ата-аналар құжатты eGov.kz порталы мен «OQU» жүйесі арқылы онлайн тапсыра алады. Құжат өткізу үшін ата-ананың немесе заңды өкілдің өтініші, № 065/у және № 052-2/у үлгісіндегі медициналық анықтамалар, сондай-ақ баланың 3×4 көлеміндегі фотосуреті қажет.

Сонымен қатар, әр мектепте ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізетін арнайы қабылдау комиссиялары құрылған.

Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі өңірлер бойынша бірінші сыныпқа құжат қабылдау мерзімдерін жариялаған.