1 тамыздан бастап елімізде қандай маңызды өзгерістер болады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 1 тамыздан бастап бірқатар маңызды өзгеріс күшіне енеді. Айдың басты оқиғалары ретінде Құрылтай сайлауын, мұнай өндірісінің артуын, «Ұмай» әйелдер ипотекасының қайта іске қосылуын және жол жүру ережелерінің өзгеруін атауға болады.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Тамыз айында Қазақстандағы ең негізгі оқиғаның бірі – Құрылтай сайлауы. Ол 23 тамыз күні өтпек. Еске салайық, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа 1 шілдеде қол қойды. Сол күні Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин де саяси науқанға қатысты мәлімдеме жасаған еді.

Оның сөзінше, биыл сәуір айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауы тамызда өтетінін ашық мәлімдеді. Осылайша, саяси партияларда сайлау науқанына дайындалу үшін уақыт жеткілікті болды. Бұл жаңа Конституция күшіне енген соң өткізілетін алғашқы жалпыхалықтық сайлау болмақ. Сонымен қатар, алдағы науқан бүкіл саяси үлгіні институционалдық тұрғыдан қайта қалыптастыруға жол ашады. Жаңа Ата заңға сәйкес, сайлаудан соң мемлекеттік биліктің негізгі институттарын жасақтау жұмысы басталады.

Мұнай өндіру көлемі артады

ОПЕК+ құрамындағы жеті ел, яғни Қазақстан, Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Алжир және Оман 2026 жылғы тамыздан бастап мұнай өндіру көлемін тәулігіне 188 мың баррельге ұлғайту туралы шешім қабылдады.

Фото: Газета.ру

ОПЕК сайтында жарияланған кестеге сәйкес, Қазақстан тамыз айында мұнай өндіру көлемін тәулігіне тағы 10 мың баррельге арттыруды жоспарлап отыр. Соның нәтижесінде елде бір тәулікте мұнай өндіру көлемі 1,618 млн баррельге жетпек. Сонымен бірге, нарықтағы ахуал, келісімдердің орындалуы және өтемақы міндеттемелерінің жүзеге асырылу барысы талқыланатын ОПЕК+ құрамындағы жеті елдің келесі кездесуі 2026 жылғы 2 тамызда өтеді.

«Ұмай» әйелдер ипотекасы беріледі

Әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы биыл қайта іске қосылады. Өтінім қабылдау тамыз айында басталады. Бұл туралы «Отбасы банкінің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова әлеуметтік желідегі тікелей эфир барысында мәлімдеді.

Коллаж: Kazinform / Freepik

Оның сөзінше, бұл мақсатта алғашқы қаржы бөлінген.Талаптарға сәйкес, қатысушылар бастапқы жарнаны «Отбасы» банкіндегі депозитте жинауы тиіс. Бағдарламаға ресми табысы бар және соңғы алты айда міндетті зейнетақы жарналары тұрақты аударылып келген әйелдер өтінім бере алады. Ал алғашқы жарна – ірі қалаларда 20%-дан, өңірлерде 15%-дан басталады.

«Ұмай» аясында 25 жылға дейінгі мерзімге 50 млн теңгеге дейін ипотекалық несие беру қарастырылған.

Гидтер мен экскурсия жетекшілері жаңа қағидамен жұмыс істейді

Елімізде гидтер, экскурсия жетекшілері және туризм нұсқаушыларының қызметін реттейтін жаңа қағидалар бекітілді. 1 тамыздан бастап күшіне енетін тиісті бұйрыққа Туризм және спорт министрі қол қойды.

Құжатқа сәйкес, бұл қызметпен ҚР азаматтары ғана айналыса алады. Ол үшін қызметінің басталғаны туралы eLicense.kz порталы арқылы хабарлама жолдауы қажет. Осы хабарлама негізінде туризм саласындағы уәкілетті орган гидтердің, экскурсия жетекшілерінің және туризм нұсқаушыларының мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізеді.

Ал туристік қызмет туриспен жасалған шарт негізінде көрсетіледі. Шартты рәсімдеу үшін турист өзі және шарт жасалатын басқа адамдар туралы мәлімет береді. Сапар басталғанға дейін кемінде үш күн бұрын гидтер, экскурсия жетекшілері және туризм нұсқаушылары туристерге сапардың ерекшеліктері туралы жазбаша ақпарат беруге міндетті. Бұдан бөлек, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті шараларды қабылдауы тиіс.

Киік мүйізін сату ережелері өзгереді

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 2026 жылғы 22 шілдедегі бұйрығымен киік дериваттарын өткізу қағидалары бекітілді. Құжат 4 тамыздан бастап күшіне енеді.

Құжатқа сәйкес, «киік дериваттары» дегеніміз – жануардың мүйіздері, сондай-ақ, олардан өндірілген өнімдер. Дериваттарды өткізу электрондық конкурс түрінде жүзеге асырылады. Сату туралы шешімді уәкілетті орган қабылдап, сату бағасын, өткізу көлемін және комиссия құрамын айқындайды. Тиісті шешім қабылданғаннан кейін сатушы 10 күнтізбелік күн ішінде мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында конкурс туралы ақпаратты жариялауға міндетті.

Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Сонымен қатар, конкурсқа қатысушылар қажетті құжаттарды ұсына отырып, жазбаша түрде мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

• киік мүйіздерін Қазақстан аумағында сатпау;

• экспортқа байланысты барлық қажетті құжаттарды өз бетінше рәсімдеп, шығындарды өтеу;

• уәкілетті органға дериваттардың үшінші тұлғаларға одан әрі өткізілуі туралы мәліметтер беру;

• дериваттар мен олардан өндірілген өнімдердің қозғалысы туралы ақпаратты өз елінің цифрлық қадағалау жүйесіне енгізу.

Киік дериваттары үшін ең жоғары бағаны ұсынған қатысушы жеңімпаз болып танылады.

Жол жүру ережелеріне өзгерістер енеді

2026 жылғы 25 тамыздан бастап Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» заңына енгізілген өзгерістер күшіне енеді.

Фото: atr.kz

Енді 65 жастан асқан және мүгедектігі бар жүргізушілер екі жылда бір рет міндетті медициналық тексеруден өтуі қажет. Сонымен бірге, жолда жүру қағидаларын өрескел бұзған жүргізушілер қайтадан теориялық емтихан тапсыруға жіберіледі. Ал масаң күйде көлік басқарған азаматтарға жауапкершілік күшейтілді. Сондай-ақ, қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылғанның өзінде, құқық бұзушы сегіз жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Жүргізуші куәлігі бомаса, оны сегіз жыл бойы алу мүмкін болмайды.

— Бұл өзгерістердің барлығы жол жүрісі қауіпсіздігін арттыруға, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған. Барша жол жүрісіне қатысушыларды жолда жүру қағидаларын қатаң сақтауға шақырамыз. Ал бұл талапқа жататын жүргізушілер міндетті медициналық тексеруден уақытылы өтуі қажет, — деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.

Алимент жаңа тәртіппен төленеді

2026 жылғы 25 тамыздан бастап алимент арнайы банк шотына аударылады.

Бұл өзгеріс 2026 жылғы 24 маусымда қабылданған заңға сәйкес енгізіліп отыр. Оның мақсаты — алиментке арналған ақшаның толық сақталуын қамтамасыз етіп, оны тек балаға немесе еңбекке қабілетсіз адамды асырауға пайдалану.

Әділет министрлігі арнайы шоттың болмауы алимент төлеушіні міндетінен босатпайтынын ескертті. Алайда алимент алушы арнайы шоттың деректемелерін ұсынғанға дейін өндірілген қаражатты аудару мүмкін болмайды. Мұндай жағдайда сот орындаушысы алимент алушыға арнайы шот ашып, оның деректемелерін беру қажеттігін хабарлайды. Деректемелер ұсынылғаннан кейін жиналған қаражат белгіленген тәртіппен аударылады. Бұл аралықта алимент бойынша берешек сақталады және жойылмайды.

Жаңа норма алимент алушылардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, балалар мен еңбекке қабілетсіз адамдарға арналған қаражаттың сақталуына қосымша кепілдік беруге бағытталған.

Фото: Кабар

Түркиямен әуе қатынасы жиілейді

Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе қатынасы кеңейіп, тамыз айынан бастап Астана мен Анкара, сондай-ақ Алматы мен Анкара бағыттарындағы рейстер саны едәуір артады.

ҚР Көлік министрлігінің хабарлауынша, AJET әуе компаниясы Астана – Анкара және Алматы – Анкара бағыттары бойынша рейстер санын аптасына екіден жетіге дейін ұлғайтады. Осылайша, екі бағыт бойынша да ұшақтар күн сайын қатынайтын болады. Министрлік жаңа өзгерістердің Қазақстан мен Түркия арасындағы іскерлік, сауда-экономикалық және туристік байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

Бес ірі фестиваль өтеді

Тамыз айында Астана мен төрт өңірде туристерге арналған бес ірі фестиваль мен шоу өтеді.

ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті мәліметінше, тамыз айында Астана қаласы, Атырау, Қостанай, Маңғыстау және Алматы облыстарында туристерді тартуға бағытталған бес ірі іс-шара ұйымдастырылады.

Фото: Түркістан облысы

Олардың қатарында Қостанай облысында өтетін «Qostanai Dala Fest» агрофестивалі, елордадағы «Comic Con Astana» гик-фестивалі, Маңғыстау облысындағы «Aq maya Fest» шұбат фестивалі, Атырау облысындағы «ЛОТОС» экологиялық фестивалі және Алматы облысында өтетін «Байсерке аспаны» авиашоуы бар.

Айта кетейік, бұған дейін 1 шілдеден бастап елімізде қандай маңызды өзгерістер болғанын жазғанбыз.