1 тамыз: ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 1 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.

1 тамыз, СӘРСЕНБІ

Әзербайжан әрпі мен тілінің күні

Әзербайжан Президентінің 2001 жылғы 9 тамыздағы «Әзербайжан әрпі мен әзербайжан тілінің күнін бекіту туралы» Жарлығына сәйкес жыл сайын атап өтіледі.
Бүкіл дүниежүзілік сәбилерді емізуді насихаттау апталығы

1992 жылдан бастап, ЮНИСЕФ балалар қорының бастамасымен барлық елде өткізіледі. Қазақстан 1994 жылдан бұл мәселеге үлкен мән беріп, оны қорғау, жандандыру жөнінде ұлттық бағдарлама жасады. Қазақстанда 14 аурухана «Балаға аялы алақан» жобасымен жұмыс істеп, ЮНИСЕФ-тің «Алтын тақтасын» сыйға алды.
Қытай Халық Республикасы Армиясының күні 

Қытай әскери қызметкерлерінің кәсіби мейрамы. 1927 жылғы 1 тамызда Қытайдың шығысындағы Цзянси провинциясының Наньчан қаласы тұрғындары Гоминьдан режіміне қарсы көтеріліске шықты. Бұл көтеріліс елдегі екінші азамат соғысының басталуына себеп болды және Қытай жұмысшы-шаруаларының қызыл армиясы құрылды. 

Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы 3 қаңтарда орнатылды.

Швейцария конфедерациясының ұлттық мейрамы
 - Конфедерацияның негізі қаланған күн

Швейцария - Еуропаның дәл ортасында орналасқан, 23 кантоннан тұратын федеративтік республика. Әр кантонның өз Конституциясы, Үкіметі және Парламенті бар. Мемлекет басшысы - Президент. Заң шығару органы Ұлттық және Кантондар кеңесінен тұратын екі палаталы Федералдық жиналыс. Атқарушы органы - Федералдық кеңес. 

Қазақстан Республикасы мен Швейцария арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 1-інде орнатылды.

Бенин Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1960)

Бенин - Африканың батысында, Гвинея шығанағына таяу орналасқан мемлекет. Мемлекет және Үкімет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы - Ұлттық жиналыс.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1959 жылы Теміртау (Қарағанды облысы) жұмысшыларының тоталитарлық режимге қарсы бағытталған стихиялық көтерілісі басталды. Жұмысшылар мен әскерлер арасындағы қақтығыс салдарынан 10 адам қаза тауып, көптеген адамдар әртүрлі деңгейдегі жарақаттар алды.
1967 жылы Баянауылда «Дос-Мұқасан» ансамблінің музыканттары өздерінің алғашқы концертін қойды. Тыңдармандары жергілікті тұрғындар мен Қазақ политехникалық институты студенттік құрылыс отрядтарының мүшелері болды. Ансамбль аты оны ұйымдастырушылар есімдерінің алғашқы буындарынан («Дос» - Досым Сүлеев, «Мұ» - Мұрат Құсайынов, «Қа» - Қамит Санбаев және «Сан» - Саня, Александр Литвинов) құралған. Оны құрылыс отрядындағы Венгриядан келген студенттердің жетекшісі Янош Карпоти ұсынған. Кейін ансамбль құрамына М.Молдабеков, Қ.Әжібаева, Ш.Омаров, Б.Жұмаділов, Н.Құсайыновтар қосылды. Олардың репертуарында электронды музыкалық аспаптар сүйемелімен орындалатын «Назқоңыр», «Ахау, бикем», «Он алты қыз», «Сұлу қыз», «Құдаша», т.б. қазақтың халық әндері, халық және қазіргі қазақ композиторларының, сондай-ақ ансамбль мүшелерінің шығармалары орын алды. «Дос-Мұқасан» дәстүрлі фольклорлық-музыкалық туындыларды өз кезеңіндегі эстрадалық музыка мәнеріне сай өңдеп, құлпырта орындаған. Бұл сипат, әсіресе «Жерұйық» рок-операсы, «Дала және ғарыш» сияқты күрделі шығармалардан анық байқалады. Ансамбль Ташкент қаласында өткен Бүкілодақтық «Халықтар достығы» фестивалінің, Минскіде өткен кәсіби орындаушылар байқауының, сонымен қатар Берлинде, Мәскеуде өткен Жастар мен студенттердің халықаралық фестивальдарының лауреаты атанған. Қазақстан комсомол сыйлығын иеленген. 

1967 жылы Аюханов Болат Ғазизұлы тек Қазақстан өнері мен мәдениетінің тарихында ғана емес, бүкіл Кеңес Одағында алғашқы «Алматының жас балеті» хореографиялық миниатюрасының негізін қалап, оның жетекшісі, орындаушысы және концертмейстері атанды.

1991 жылы Көкшетау қаласындағы «Көкшетау» сарайының алаңында орналасқан әнші-ақын Біржан сал ескерткішінің жанына Ақан серіге арналған ескерткіш қойылды.

Ақан Сері (1843-1913) - қазақ халқының көрнекті ақыны, композиторы.

2001 жылы Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің басшылары Орталық Азия аймағында жедел қимылды ұжымдық күштерді құру туралы шешім қабылдады. Оның құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан Республикаларының және Ресей Федерациясының бөлімдері мен бөлімшелері кірді. 
2003 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қарашығанақ кенішінде Каспий құбыр желісі консорциумы (КТК) құбырлары арқылы бірінші мұнай жіберу салтанатына қатысты.
2007 жылы батыр әрі жазушы Бауыржан Момышұлының туған жері - Жамбыл облысы Жуалы ауданының орталығында батырға арналған ескерткіштің іргетасы қаланды. Рәсімге Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ауданның құрметті азаматтары мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Момышұлы Бауыржан (1910-1982) - Кеңес Одағының Батыры, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, қазақтың көрнекті жазушысы. Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекенінде дүниеге келген. «Офицердің күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Біздің семья», «Москва үшін айқас» «Жауынгердің тұлғасы», «Майдан», «Майдандағы кездесулер», «Генерал Панфилов», «Төлеген Тоқтаров», «Куба әсерлері», «Ел басына күн туса», «Ұшқан ұя», «Адам қайраты» повестері мен әңгімелерінің авторы. Ол Кеңес дәуіріндегі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, 1-ші дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, Құрмет белгісі сынды орден-медальдармен марапатталса, халқының шын мәніндегі қаһарман ұлына Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.

2007 жылы Астанада белгілі ақын және журналист Қайырбай Төреғожының «Жаңбырлы жаз» атты кітабы жарық көрді. Кітап автордың соңғы жылдары жазған өлеңдер жинағынан тұрады. Жинаққа «Арман-ай» атты поэмасы да кірді. Кітап «Фолиант» баспаханасынан шығарылған, тиражы мың дана. Қ.Төреқожы қаламынан бұрын басып шығарылған «Күншуақ» атты өлеңдер жинағы мен әр жылдары жарық көрген жарияланымдары, очерктері, шағын әңгімелері бар.

2008 жылы Петропавлда Президент Н.Назарбаев «Абылай хан резиденциясы» музей кешені мен оның атқа мінген қола ескерткішін ашты. Абылай хан ескерткіші Жезқазған қаласындағы қалалық әкімдік ғимаратының алдына да орнатылды.

2009 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаев Шолпан-Атада (Қырғызстан) Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдер басшыларының үшкүндік бейресми саммитіне қатысты.

2012 жылы режиссер Эмир Байғазиннің «Уроки гармонии» киножобасы Сараевода өткен Халықаралық кинофестивальде көрсетіліп, пост-продакшн деңгейіндегі жобалардың байқауында бірінші орынды жеңіп алды.

Бағдарламаға Түркия, Грекия, Германия, Румыния, Израиль және Болгария елдерінің бұрыннан танымал, сондай-ақ, жас режиссерлері қатысты. Қазақстандық жоба фестивальде алғаш рет көрсетілді.

2013 жылы Алматы қаласындағы АҚШ-тың бас консулдығы ҚР азаматтарына Америкаға баруға бес жыл мерзімге жарамды виза берді.

Қазақстан - аталған визаны алу келісіміне қол жеткізген Орталық Азия өңіріндегі алғашқы мемлекет.

2015 жылы Татарстан астанасы - Қазанда Еуразияның жергілікті билік өкілдерінің қатысуымен «Жаһандық дамуға арналған жергілікті шешімдер: Еуразиялық интеграциямен бетпе-бет» тақырыбында конгресс өтті. Оған Ресейдің 100-ден астам қалаларының және жақын шетел шаһарларының басшылары қатысты. Конгресс аясында Еуразия қалаларының халықаралық белсенділігінің алғашқы рейтингі жасалды. Астана жалпы рейтингтің жеңімпазы атанды.

1793 жылы Францияда өлшемдер мен салмақтардың бірыңғай әлемдік жүйесіне негіз болған метрлік жүйе енгізілді.
1876 жылы Колорадо АҚШ-тың 38-інші штаты болды.
1914 жылы дүниежүзін қайта бөліске салу жолында «Үштік одақ» (Австрия-Венгрия, Германия, Италия) пен Англия, Франция, Ресей одағы арасындағы саяси-экономикалық қайшылықтардан бірінші дүниежүзілік соғыс басталды. Соғыс барлық елдердің экономикасын күйзелтіп, адамзатты бұрын көрмеген қайғы-қасірет пен ашаршылыққа душар етті. 1916 жылы маусымның 25-інде Ресей патшасы империяның «бұратана халықтарын», оның ішінде қазақтарды да майдан шебіндегі қара жұмысқа алу туралы жарлық шығарды. Қара жұмысқа 100 000-нан астам қазақ жігіттері алынып, олардың басым көпшілігі батыс майданға аттанды.
1936 жылы Берлинде Олимпиада ойындарының ашылуы өтті.
1939 жылы Орталық Азияда Үлкен Ферғана арнасын қазу жұмыстары басталды. Арна құрылысына Қазақстанның оңтүстік өңірінен де көптеген адамдар тартылды. 

1941 жылы алғашқы джип шығарылды.
1974 жылы Ресейдің Дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институты Менделеев кестесіндегі 106-шы элемент (Sg) алынғаны туралы хабарлама таратты.