Бүгінгі күнге трассаның 1308-1320 км учаскесінде жолтабанның жоғарғы қабаты төселді. Мердігер ұйымдар 1 тамызға дейін 12 километрлік учаскенің оң қанатындағы, ал жыл аяғына дейін екі жағы бойынша да қозғалысты іске қосуды жоспарлауда.
Сонымен бірге қазіргі уақытта 1275-1308 км аралығындағы учаскеде жалпы көлемі 211,8 куб/м топырақ аударыстыру жұмыстары, сол сияқты 600 адамға арналған модульді тұрғын үй қалашығын салу жұмыстары жүргізілуде. Ол қалашықта топырақты, асфальт-бетонды, бетонды қоспалар мен жол-құрылыс материалдарын сынақтан өткізуге арналған аккредиттелген лаборатория орналасқан.
Осындағы атқарылып жатқан жұмыс барысымен өткен демалыс күндері көлік және коммуникация министрі Жеңіс Қасымбек танысып қайтты. Сапар барысында ККМ басшысы Ақмола облысындағы 3 учаске және Қарағанды облысындағы 2 учаскені аралады. Министр мердігерлік ұйымдар басшыларына жұмысты ширату және барлық учаске бойындағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты бірқатар тапсырмалар берді.
«Астана-Теміртау» учаскесінде барлық ұзындығы 109 км 5 учаскеде жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылғы маусымда жалпы ұзындығы 62 км болатын қалған учаскелердің мердігерлері айқындалады. Сөйтіп биыл бүкіл трасса бойында құрылыс жұмыстары атқарылатын болады.
Реконструкция жұмыстары аяқталған соң 2016 жылы «Астана-Теміртау» автожолы төрт жолаққа дейін кеңейтіліп І техникалық санатқа жатқызылатын болады.