1 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2022 жылғы 1 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстан Республикасында Тұңғыш Президенті күні

1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде Қазақстанда Тұңғыш Президент сайланды. 2011 жылғы 14 желтоқсанда «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы күшіне енді. Онда 1 желтоқсанда аталып өтілетін жаңа мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін белгілеу көзделген. Бұл мереке 2012-2021 жылдары атап өтілді. 2022 жылы ҚР Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға өзгерістер енгізіп, 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болып белгіленді. 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1931 жылыСемей мен Ақмола қалалары арасында тұрақты әуе қатынасы басталды. Қазіргі Астанадағы халықаралық әуежайдың тарихы осыдан бастау алады.

1935 жылы Қазақстанның алғашқы қуыршақ театрларының бірі – Алматы мемлекеттік қуыршақ театры құрылды. Театр Түркия, Иран, Қытай, Чехия, Ресей елдерінде өткен фестивальдар мен халықаралық байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүрді. Театрда талантты актерлар, қуыршақ шеберлері, режиссерлар, суретшілер, декораторлар, бутафорлар тәрбиеленіп, көп жылдар театр сахналарында, қуыршақ өнері саласында адал қызмет етті.

1960 жылы Қарағанды металлургия зауытында кокс батареясы іске қосылып, қазақстандық тұңғыш кокс алынды.

1991 жылы Тұңғыш рет жалпыхалықтық Қазақстан Президентін сайлау өтті. Сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көпшілік дауыспен жеңіске жетті.

1994 жылы Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігі ашылды.

1997 жылы Алашорда қайраткерлері Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқайға арналған деректі фильм жарық көрді.

2004 жылы Ә.Қастеевтің 100 жылдығына арналған тиындар мен пошта маркалар альбомының тұсаукесер рәсімі өтті.

2004 жылы Қазақстан аумағында жаңа пошта индексі енгізілді. Бұған дейін қазақстандықтар 70-ші жылдары енгізілген кеңестік индексті пайдаланып келген болатын. Жаңа индекс те 6 саннан тұрады, оның 1-ші және 2-шісі облыс коды, 3-ші және 4-шісі аудан коды, ал қалған соңғы екі сан елді мекеннің кодын білдіреді.

2004 жылы Өмірбаян институты (Калифорния) қазақстандық Асылы Османды «Жыл әйелі – 2004» атағына ұсынды. Бұл атақ жыл сайын қоғамдық қызмет саласына қосқан үлесі үшін әйелдер қауымына беріледі. Асылы Осман – Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, республиканың көрнекті қоғам қайраткері, «Достық» орденінің кавалері. Ұлты бойынша әзірбайжан, ол бүкіл өмірін Қазақстанға арнады: қазақ тілінің филологі, ғалым. А. Осман БАҚ-та жиі сөз сөйлейді, қоғамда бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді нығайту ісінде топтастырушы рөлін көрсете отырып, мемлекеттік тілді насихаттайды. Ол – «Мемлекеттік тілді қастерлеу» қоғамының төрағасы және осы тақырып бойынша 200-ден астам мақаласы бар.

2006 жылы Қазақстанның Ұлттық банкі сатуға екі коллекциялық жаңа шақа шығарды. 500 теңгелік шақалардың құны 5 мың теңге. «Регель қызғалдағы» мен «Дирхем» 925-шы сынамалы күмістен жасалған, салмағы 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм. Біріншісінің таралымы – 4 мың, екіншісінікі – 5 мың дана. «Регель қызғалдағы» шақасының сыртқы жағында (реверс) үш қызғалдақ бейнеленген. Регель қызғалдағы – сирек кездесетін өсімдік, тек Шу-Іле тауларында ғана өседі. Ал «Дирхемнің» бет жағы мен сыртында көне шақа бейнеленген. Отырар қаласында жүргізілген археологиялық қазбалар кезінде табылған күміс шақа «Дирхем» деп аталған. Ол 16 ғасырда шығарылған.

2007 жылы Ашхабадта Қазақстан Республикасы, Түрікменстан Республикасы және Иран Ислам Республикасы Үкіметтерінің арасында Өзен (Қазақстан) – Қызылқия – Берекет – Этрек (Түрікменстан) – Горган (Иран) жаңа темір жол желісінің құрылысына байланысты Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Қазақстан мен Түрікменстан көлік министрліктері арасында «Өзен – Берекет» жаңа темір жол желісі құрылысының жобасын іске асыруға байланысты Ынтымақтастық туралы меморандумға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түрікменстанға сапары барысында қол қойылған болатын. Ал Тегеран қаласындағы Саммит кезінде Каспий жағалауы мемлекеттерінің басшылары тарапынан Өзен – Қызылқия – Берекет – Этрек – Горган жаңа темір жол желісі құрылысының жобасын іске асыруға байланысты ынтымақтастық туралы Қазақстан, Түрікменстан және Иран Президенттерінің Бірлескен Декларациясына қол қойылды. Темір жол желісінің ұзындығы - 670 шақырым, соның ішінде Қазақстан бойынша – 130, Түрікменстан бойынша - 470, Иран бойынша – 70 шақырым.

2008 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев Мемлекеттік наградалар туралы заңнамаға өзгеріс енгізіп, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын белгіледі.

2010 жылы Астанада Тәуелсіздік сарайында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының VII Саммиті өтті. Саммитке ЕҚЫҰ қатысушы елдері мен әріптестерінің, сондай-ақ ірі халықаралық және аймақтық ұйымдар – БҰҰ, ЕО, ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, ҰҚШҰ және басқаларынан 73 ресми делегация қатысты. Кездесудің нәтижесінде Астана декларациясы қабылданды, Қазақстан Президентінің айтуынша, ол ЕҚЫҰ өмірінде жаңа кезеңді ашады.

2011 жылы Бакуде қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай атына көше беру салтанатты рәсімі өтті. Бұдан басқа, Әзербайжан халықаралық университетінің ғимаратында Абай барельефімен естелік тақта ашылды.

2011 жылы Екібастұз ауылдық аймағының Қылдыкөл шатқалында Әзірет Исабек ишан кесенелік кешені ашылды. Мұнда Маңғыстау облысынан әкелінген ақ тастан жасалған екі кесене, мешіт және қажыларға арналған үй тұрғызылды. Үш күмбезді мазарда Әзірет Исабек ишан, оның ұлы Нұрмұхамед және ағасы Мұхаммед Нияз жерленген. Бір күмбезді Исабек ишанның ұрпағы – Әулие Жандарбек қожа жерленген жерде тұрғызылған.

2015 жылы Астанада ел тарихындағы тұңғыш Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейі ашылды. Ғимаратта музейден тыс, концерт залы, уақытша көрмелер залы бар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери оркестрі және Орталық ансамблі жұмыс істейді.

2015 жылы Солтүстік қазақстан облысы Айыртау ауданының Сырымбет ауылында Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным ханша мазары ашылды. Оның құрылуы қазақтың ұлы ғалымы, этнографы және тарихшысының есімімен байланысты тарихи мұраны сақтауға қызмет етеді. Немересіне үлкен әсер еткен оның есімі халық арасында кеңінен танымал.

2016 жылы ТҮРІКСОЙ-ға мүше елдердің мәдениет министрлерінің тұрақты кеңесінің 34-отырысында және «Шеки - түркі әлемінің 2016 жылғы мәдени астанасы» жылының жабылу салтанатында 2017 жылғы түркі әлемінің мәдени астанасы болып Қазақстанның Түркістан қаласы таңдалды.

2016 жылы ҚР Ұлттық банкі Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған номиналы 5000 және 500 теңгелік күміс тиындарды айналымға шығарды. Тиындар дизайнында ұлттық киім киген адамдар бейнеленген. Ол Қазақстан халқының бірлігін танытады.

2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында қазақ жерлерінің бірігуіне үлесін қосқан, есімі тарихқа алтын әріппен жазылған Әйтеке биге арналған ескерткіш орнатылды.

2018 жылы Алматы облысы Панфилов ауданы Жаркент қаласында Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына орай «Ұлы жебе» мемориалдық кешенінің ашылуы өтті. «Ұлы жебе» мемориалдық кешені негізінен ақ мәрмәр мен граниттен дайындалды. Жобаның құны – 278,6 млн теңге. Құрылысын жүргізген мердігер ұйым – «Kagan Engineering» ЖШС. Мемориалды кешеннің суретшілері – Ғазиз Ешкенов пен Айдар Жамхан, мүсінші архитекторы – Айдын Жайлаубаев. Мемориалды кешенді тұлпарлы батырлар бейнеленген барельеф, жоғарыға тік шаншылған жебе мен қалқан құрап тұр.

2019 жылы Акробатикада өнер көрсететін қазақстандық фристайл спортшысы, Еуропа кубогі кезеңдерінің бірнеше дүркін жеңімпазы және Еуропаның екі дүркін абсолютті чемпионы, Әлем кубогінің бірнеше кезең жүлдегері, екі Олимпиада ойындарының қатысушысы Жанбота Алдабергенова фристайл акробатикасы бойынша Рука қаласында (Финляндия) Еуропа кубогі аясында синхронды секіру жарыстарында бірінші болды.

2021 жылы Дубайдағы ЭКСПО-ның Әл-Уасл Плаза орталық алаңында Қазақстан Республикасының ұлттық туын көтеру рәсімі өтті. Қазақстанның ұлттық күнін мерекелеу барысында EXPO аумағында дүниежүзілік көрме қонақтары үшін Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің, опера әншісі Мария Мудряктың, «Астана балет» ұжымының және Қазақстанның басқа да әртістерінің қатысуымен концерт өтті.

2021 жылы Қазақстан Ұлттық банкі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған номиналы 20 000 теңгелік мерейтойлық банкнотты айналымға шығарды. Мерейтойлық банкноттың дизайны бірегей технология бойынша дайындалды: банкноттың тігінен орналасқан және номиналдың голографикалық бейнесін, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған логотипті және Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың факсимилесін қамтыған металсыздандырылған жолақ әлемде алғаш рет қолданылды. Мерейтойлық банкноттың 27 қорғаныш элементі бар. Банкноттың дизайны айналыстағы ақша белгілерімен бірыңғай стильде жасалған: бет жағы негізінен тік бейнелерді, сыртқы жағы көлденең бейнелерді қамтиды. Банкнот басым түс – сұр түсте орындалған. Банкнот көлемі –155х79мм


Соңғы жаңалықтар