1 желтоқсаннан бастап Көкшетауда жылу тарифі төмендейді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорны 2015-2017 жылдар аралығында негізсіз 1,3 миллиард теңге көлемінде табыс тапқан. Ақмола облысының прокуратурасы жүргізген тексерістің нәтижесінде желтоқсанның 1-нен бастап, Көкшетауда жылумен жабдықтау тарифі 36 пайызға төмендейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорнының экономисті Артем Черепановтың айтуынша, өтемақы тариф 1 жылға енгізіледі.

«1 шаршы метр үшін тариф бұрынғы 130 теңгенің орнына 82 теңгені құрайды», дейді ол.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметі бойынша, Ақмола облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің 2018 жылдың 31 қазандағы бұйрығы бойынша Көкшетау қаласы әкімдігі жанындағы «Көкшетау жылу» коммуналық кәсіпорнында қосымша құн салығын есептегенде 36 пайызға төмендетілген уақытша мөлшерлі өтемақы тарифі бекітілді.

«Өндіріс бойынша жылу энергиясын өткізу, беру, үйлестіру және жабдықтауда дифференциялы тариф есептеу аспаптары бар жеке тұлғаларға 2101,68 ден 1329,09 теңгеге төмендейді. Есептеу аспаптары жоқ жеке тұлғаларға 4520,24 тен 2858,57 теңгеге дейін кемиді. Ал, есептеуіш аспаптаы бар заңды тұлғаларға 5244,83  тен 3316,8 теңгеге дейін, есептеу аспаптары жоқ заңды тұлғаларға 9395,12 ден 5941,4 теңгеге төмендейді.

Сонымен қатар, жылу энергиясын есептеу аспабы жоқ, жеке су есептеу аспабы бар тұтынушылар үшін су жылыту ақысының көлемі 226,01 ден 142,93 теңгеге дейін, жылу энергиясын есептеу аспабы жоқ, жеке су есептеу аспабы жоқ тұтынушылар үшін су жылыту ақысының көлемі 711,95 тен 450,22 теңгеге дейін төмендеп отыр», -  деп түсіндірді ведомстводан.

Ал, Ақмола облысының прокуратурасы «Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорнына прокурорлық тексеріс жүргізілгенін атап өтті.

«Кәсіпорынның 2015-2017 жылдар аралығында негізсіз 1,3 миллиард теңге көлемінде табыс тапқаны анықталды. Прокуратураның талабы бойынша жылу үшін уақытша өтемақы тарифі енгізіледі. Нәтижесінде Көкшетау қаласының тұрғындары  желтоқсанның 1-нен бастап, 1 шаршы метр үшін 73,4 теңге төлейтін болады. Бл қолданыстан тарифтен екі есеге дейін аз», дейді облыс прокуратурасынан.

Дегенмен, көкшетаулықтар пәтерлерінің салқын болуын айтып, шағымдануда.

«Біз үйге дейінгі желіге қызмет көрсетеміз. Ал, үйдің ішінде не болып отыр, онда шаруамыз жоқ. Онымен ПИК айналыссын. Біз қазір шағымдаған адамдардың пәтерлерін тексерудеміз. Термометрде 20-21 градусты көрсетіп тұр. Бұл қалыпты көрсеткіш. Жылудың мол болуы үшін жаңа технологияны қолдану қажет. Өйткені, көптеген үйлер ескі. Жаңа үйлердегі пәтерлерде жылы. Оларда жаңа жабдықтар орнатылған. Егер тұрғын үйлер қысқа дұрыс дайындалса, барлық батареялар тазаланса, мұндай мәселе туындамас еді», деп түсіндірді «Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Сергей Жуков.

Еске салай кетейік, Астанада тариф қалыптастыру сұрақтары бойынша өткен қауіпсіздік отырысында Мемлекет басшысы Бас прокуратураға монополистердің қызметін тексеру туралы тапсырма берген болатын.