10 ақпан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

None
АСТАНА. 10 ақпан. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 10 ақпанға арналған күнтізбесін ұсынады.

10 ақпан ДҮЙСЕНБІ Орыс ақыны А.С.Пушкинді (1799-1837) еске алу күні. Ресей Федерациясының Аэрофлот күні. 1979 жылы бекітілген. Жыл сайын ақпанның екінші жексенбісінде атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

21 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен Жангелдин ауданындағы КОКП XXI съезі атындағы совхоз Абылай ханның оң қолы, белгілі қолбасшы Шақшақ Жәнібек есімімен аталды. 21 жыл бұрын (1993) Ресейдің Қорған облысында тұратын қазақтардың құрылтайы өтті. Құрылтайдың арнайы шешімімен «Шаңырақ» атты Қорған қазақтарының мәдени орталығы құрылды. 19 жыл бұрын (1995) Алматыда Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігінің ресми ашылу салтанаты өтті. 19 жыл бұрын (1995) Алматыда өткен ТМД елдері Мемлекет басшыларының Кеңесі мен Үкімет басшылары кеңесінің мәжілісінде ұжымдық қауіпсіздік, ТМД-ның шекара және бітімгершілік күштерін құру туралы мәселе талқыланды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында бейбітшілік пен тұрақтылыққа қолдау көрсету туралы меморандум қабылданды. Сол күні өткен президенттер Н.Назарбаев, А.Ақаев және И.Каримовтың кездесуінде Біртұтас экономикалық кеңістік құру туралы үш елдің уағдаластығын жүзеге асыру жөніндегі істің жағдайы талқыланды, үш елдің Мемлекетаралық кеңесі атқару комитетінің есебі, Орталық Азиялық ынтымақтастық және Даму банкі басқармасының және Аралды құтқару халықаралық қоры басшылығының есептері тыңдалды. Орталық Азиялық үш республиканың басшылары Мемлекетаралық кеңес және оның институттары туралы келісімге қол қойып, Қазақстанның, Қырғызстанның және Өзбекстанның Премьер-министрлер кеңесі және Сыртқы істер министрлері кеңесі туралы ережені бекітті. 14 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанның әскери доктринасы бекітілді. 14 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасының Үкіметі «Астана қаласын дамытудың бас жоспары туралы» Қаулы қабылдады. 13 жыл бұрын (2001) мәскеулік «Юность» журналының 2000 жылғы соңғы нөмірі толығымен Қазақстанға арналған. 8 жыл бұрын (2006) Алматыда Мұқағали Мақатаев атындағы республикалық қоғамдық қор құрылды. Қордың алдына қойған негізгі мақсаты - ақын туралы естеліктерді жарыққа шығарып, жас мұқағалитанушыларды жұртшылыққа таныту. Сондай-ақ, ақын шығармаларын шет тілдеріне аудару. 8 жыл бұрын (2006) Елордада Басқару институтының жаңа ғимараты ашылды. Институттың жаңа бес қабатты ғимаратында компьютері бар оқу залдары, кітапхана кешені, кең аудиториялар мен мәжіліс залы орналасқан. 1997 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы Агротехникалық университеттің негізінде құрылған, онда студенттер тоғыз мамандық бойынша білім алады. 7 жыл бұрын (2007) Атырауда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдігі ашылды. Өкілдік жұмысының басты бағыттары - тарихи отанына қайтқан оралмандарды орналастыру, шетелдегі отандастармен, соның ішінде, көршілес Астрахан облысының қазақтарымен байланысты жолға қою. Сондай-ақ, ұлттық әдебиетшілер өкілдерінің шығармаларын насихаттау, қазақ тіліндегі басылымдарды тарату, кездесулер, көрмелер және басқа да шаралар ұйымдастыру жоспарланған. 6 жыл бұрын (2008) Өскеменде Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің базасында нанотехнологиялар мен электронды микроскопиялар жөніндегі жапон-қазақстан ғылыми-зерттеу оқу орталығы құрылды. Халықаралық орталықтың құрылуы Қазақстанда ең серпінді жобаларды жүзеге асыру үшін инженерлік бағыттағы зертханалар желісін құрудың президенттік бағдарламасын дамытудағы маңызды қадам болып отыр. Кен-металлургиялық өнеркәсібі ресурстарын кешенді пайдалану негізінде жаңа материалдар алудың жоғары технологиялар бағыты бойынша жұмыс істейтін «ІРГЕТАС» инженерлік зертханасында заманауи жабдықтарды құрстыру үшін өңірге жапондық «Interactive Corporation» компаниясының өкілдері келді. 5 жыл бұрын (2009) Қазақтан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Украина Министрлер Кабинетінің арасындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың зардаптарын жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына қол қойды. 4 жыл бұрын (2010) Алматыда «Рывок» қазақ жастар филімінің премьералық көрсетілімі болды. Жаңа картинаның ұраны - «Табысты құрастыруға негіз болатын - жігер мен еңбек». Фильмдегі басты кейіпкер - аурухана төсегінде жатып қалған және қайтадан жүруді үйренуге мәжбүр болған спортшы. Ол аңсаған арманына жету үшін алыстағы балалық шағындағыдай жұлқыныс жасайды. Фильмде ресей артисі Гоша Куценко, Арыстан Мырзагереев, Назим Хаиров, Тимур Балбаев, Әсел Сәдуақасова, Аманжол Айтуаров, Гүлнара Досматова, Салтанат Бақаева, Алтынбек Күмісбеков, Ядыгар Розыев, Ольга Шишигина, Андрей Цупиков, Мұрат Бисенбин, Қарлығаш Мұхамеджанова және Меруерт Өтекешева, тағы басқалар рольдерді сомдаған. Сценарийдың авторлары - Қанағат Мұстафин, Ержан Рүстембеков, Ерлан Нұрмұхамбетов, қоюшы-режиссеры Қанағат Мұстафин. Фильмнің музыкасын жазған композитор Армен Мартиросян (DJ Man).

ЕСІМДЕР

95 жыл бұрын (1919-2001) жазушы АБДУЛЛИН Хамза дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданында туған. Омбы қаласындағы ауыл шаруашылығы жұмысшылар факультетін, Алматыдағы Коммунистік журналистер институтын бітірген. «Социалистік Қазақстан» газетінде, Солтүстік Қазақстан облыстық газетінде, «Жаңа фильм» журналында қызмет істеген. 1941 жылы әскерге алынып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстың алғашқы жылдарында тұтқынға түсіп, концлагерьдің тауқыметін басынан өткерді. Кейін Мұстафа Шоқай ұйымдастырған Түркістан легионының қатарында болды. Жазушының алғашқы өлеңдері, очерктері, әңгімелері мен фельетондары 1936 жылдан бастап баспасөз бетінде жарық көре бастады. Жазушы 1940 жылы Бүкілқазақстандық әдеби конкурсқа қатысып, «Шойын жолда» атты дастаны бірінші бәйгеге ие болды. X.Абдуллин көркем аударма саласында да жемісті еңбек етіп, грузиннің ұлы ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс тонды жиһанкез» дастанын қазақ тіліне тәржімалады. 95 жыл бұрын (1919-2002) хирург, медицина ғылымының докторы, профессор УДОД Владимир Максимович дүниеге келді. Черновцы медицина институтын бітірген. Ол Целиноград медициналық институтында жалпы хирургия кафедрасының меңгерушісі, оқу ісі және ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры болып жұмыс істеген. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері хирургия мәселелеріне арналған. Ол қалқанша без, ішек-қарын, іріңді жара хирургиясымен шұғылданған. Оның 4 авторлық куәлігі және 25 тиімді ұсынысы бар. 85 жыл бұрын (1929-1996) жазушы, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері МАМАЖАНОВ Мұқан дүниеге келді. Алматы облысының Талғар ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Шығармашылық еңбек жолын «Қазақстан пионері» газетінің әдеби қызметкері болып бастады. «Лениншіл жас» газетінің бөлім меңгерушісі, «Қазақстан пионері» газетінің редакторы, БЛКЖО Орталық Комитеті насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы, «Социалистік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, «Қазақстан» баспасының бас редакторы, директоры, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің алқа мүшесі, бас редакторы, төрағаның бірінші орынбасары, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары, «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. Оның «Советтік Қазақстанның кітаптары», «Листовкадан энциклопедияға дейін», «Достар арасында», «Кітаптан түскен шуақ», т.б. еңбектері жарық көрді. Қаламгер көркем аударма саласында да еңбек етіп, С.Георгиеваның повестері мен әңгімелерін, Бонч-Бруевичтің Ленин туралы әңгімелерін, С.Зареснойдың «Жеті күн туралы» повесін, В.Песковтың «Таңғы шық», В.Котиктің «Ол пионер болған еді», Нгуен Динь Тхидің «Сөгілген көбе», «Бұрқанған дария», Петрусь Бровканың «Тоғысқан арналар» атты шығармаларын қазақ тіліне аударды. «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар Достығы» ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тың игергені үшін» медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 76 жыл бұрын (1938-2004) әдебиет сыншысы, филология ғылымының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының құрметті азаматы СЕРІКҚАЛИҰЛЫ Зейнолла дүниеге келді. Атырау облысының Құрманғазы ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін және Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының аспирантурасын бітірген. «Пионер», «Жұлдыз» журналдарында Қазақстан Жазушылар одағында, қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында жауапты қызметтер атқарған. Қазақ мемлекеттік университетінің арнаулы курстарын жүргізген. «Қазақстан» баспасының, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің бас редакторы, Қазақстан Республикасы Парламентінің бөлім меңгерушісі болып істеген. 2001 жылдан «Раритет» баспа компаниясының бас редакторы болған. Ғалымның жарық көрген негізгі ғылыми-зерттеу, сын кітаптарында қазақ әдебиеті, көркемөнері, мәдениеті мәселелері, ғылыми және көркемдік дүниетаным ерекшеліктері талданған. Жекелеген мақалалары неміс, татар, орыс, түрік тілдерінде жарық көрген.Р.Ролланның «14 шілде», А.Штейннің «Толас», Н.Мирошниченко мен Э.Бобровтың «Қара маржан» пьесаларын, В.Короленконың әңгімелерін аударған, көп томдық «Өнердің ықшам тарихын», «Мәдениет және өнер» сөздігі терминдерін қазақ тіліне аударушылардың бірі болған. 75 жыл бұрын (1939-1984) график-суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Жастар одағы сыйлығының иегері, семсерлесуден КСРО спорт шебері ҚИСАМЕДИНОВ Мақұм Мұстахұлы дүниеге келді. Ресейдің Волгоград облысында туған. Алматы көркемсурет училищесін, В.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтын бітірген. Бірнеше халықаралық, республикалық конкурсқа қатысқан. Оның 1968 жылы салынған «Күн шығып келеді» (линогравюра) график фрескалар топтамасында халық өмірін, табиғат сұлулығын, махаббат, отбасы тіршілігін жылы бейнелейді. Ол М.Әуезовтің «Абай жолы» романына байланысты иллюстрациялар топтамасын, «Абай», «Жас Абай» линогравюралар топтамасын салды. Қылқалам шеберінің «Жыл мезгілдері» (гравюра), т.б. сериялары 20-шы ғасырдың 60-70-ші жылдарындағы бейнелеу өнеріндегі елеулі құбылыс саналды. Суретшінің Гетенің «Фауст» трагедиясына салған иллюстрациялары 1981 жылы Бүкілодақтық кітап безендіру өнері конкурсында 1-ші дәрежелі дипломмен марапатталды. Оның Махамбеттің тұлғасын сомдайтын линогравюралар топтамасы, «Өмір өрнектері» атты портреттік литография жанрындағы шығармалары бар. 75 жыл бұрын (1939-2006) композитор, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі МОЛДАҒАЙЫНОВ Әшір дүниеге келді. Жамбыл облысының Жамбыл ауданында туған. Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесін бітірген. 1957 жылы Мәскеуде студенттер мен жастардың республикалық және дүниежүзілік фестиваліне қатысып, әнші ретінде өнер көрсеткен. Сол жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның әншілер даярлайтын бөліміне оқуға қабылданды. Консерваторияда оқып жүргенде 1960 жылы Абай атындағы академиялық опера және балет театрына жұмысқа орналасты. Осы театр қабырғасында Ә.Молдағайынов әншілік өнерімен қатар композиторлық қабілетімен таныла бастады. «Ұстазым», «Сағындым, сағындым, сәулешім», «Аяулым, арманымдай асылым ең», «Алғашқы ұстазым», т.б. ән-романстары жұртшылық арасына кең таралды. Бұл күндері композитор 300-ден аса ән-романстардың, хорға арналған және симфониялық шығармалардың авторы. Оның «Туған ел, туған жер әуендері» жинағы жарық көрген. 68 жыл бұрын (1946) композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ДҮЙСЕКЕЕВ Кеңес Дүйсекеұлы дүниеге келді. Қызылорда облысы Қазалы ауданында туған. Алматы консерваториясын бітірген. 1974-1976 жылдары - «Гүлдер» ансамблінің бас дирижері және музыкалық жетекшісі. 1976-1979 жылдары - «Қазақконцерт» гастрольдік-концерт бірестігінің музыкалық жетекшісі. 1975-1984 жылдары - Қазақ теледидары музыкалық редакциясының бас редакторы болып қызмет атқарған. Оның жетекшілігімен «Тамаша», «Халық - талант қайнары», «Шабыт», «Жастарға арналған музыкалық кештер», «Музыка әлемінде», т.б. теледидарлық бағдарламалар шығарылды. 1984-1997 жылдары - Қазақстан мемлекеттік телерадио комитеті эстрадалық-симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері. 1997 жылдан «Қазақконцерт» гастрольдік-концерт бірлестігінің көркемдік жетекшісі. Ол «Толғау» симфониясының, «Жалаңтөс батыр» симфониялық поэма-картинасының, «О, дүние» кантантасының, «Жыл мезгілдері» романстар циклінің, «Мәди», «Аққу Жібек» мюзиклінің, «Алдар көсе» опереттасының, симфония-концерттер, аспаптарға арналған концерттер, камералық оркестрге шығармалар, соната, рапсодия, вариациялар және 200-ден астам әндердің авторы. Кеңес Дүйсекеевтің музыкасында қазақтың ұлттық дәстүрі қазіргі замандық музыка тілімен үндесіп, жаңа сипатқа ие болады. Композитор қолтаңбасының айрықша қасиеттері көңілге қонымдылығында, музыка тілінің мәнерлілігінде. Оның шығармашылығының бұл ерекшеліктері мына дүниелерінде анық белгі береді: Камералық оркестрге арналған «Жайлаудағы таң», «Көшу», хор капелласына арналған «О, туған жер». Дүйсекеев ән жанрында да өз бағын сынап, халық жүрегінен жол»тапты. Оның әндерін жас та, кәрі де ықыласпен тыңдайды. Оның «Сәлем саған, туған ел» әні эстрада жұлдыздары КСРО және Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева мен Қазақстанның еңбегі сіңірген әртісі Нағима Есқалиеваның репертуарынан белді орын алған. «Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған. 64 жыл бұрын (1950) профессор, техника ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Жоғары мектебінің Ғылым Академиясының, Инженерлік Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ӘБЖАППАРОВ Әбдімүтәліп Әбжаппарұлы дүниеге келді. Қырғызстан Республикасында туған. Қазақ политехникалық институтын (Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті), Төменгі-Саксон неміс басқару академиясын (Германия), Қазақ политехникалық институтының және Санкт-Петербор тау-кен институтының аспирантурасын бітірген. Қазақ политехникалық институтының ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, декан орынбасары, доценті қызметтерін атқарған. 1991-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің бас маманы, бөлім басшысы, жоғары білім және ғылым бас басқармасы басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Премьер-министр Кеңсесінің консультанты, Қазақстан Республикасы Жоғары білім және ғылым министрлігі жоғары және орта кәсіби білім департаментінің директоры. 2001-2005 жылдары - Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры. 2005 жылдан - Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялық және инжиниринг университетінің ректоры. 3 монография, 55 ғылыми мақалалардың авторы. Төрт авторлық куәлігі, үш патенті бар. «Студенттік контингентті қалыптастырудың жаңа үлгісін» енгізу авторларының бірі. «Білім туралы», «Жоғарғы білім туралы», «Білім туралы» заңдарын жасауға қатысқан. 60 жыл бұрын (1954-2013) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Президент стипендиясының лауреаты, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері ЖАҚЫПБЕКОВ Есенқұл дүниеге келді. Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. «Бастау», «Ағымнан жарыламын», «Біз екеуміз», «Жеріңе табын», «Біздің елдің жігіттері», «Есіл дүние-ай!», «Ар мен жар», «Жан қисса» атты шығармалары жарық көрген. Ол телевизиялық ақындар айтысының тұңғыш лауреаты атанған. 53 жыл бұрын (1961) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі СҮЛЕЙМЕН Ләззат Жаңылысқызы дүниеге келді. Алматы облысы Ақсу ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті), Ресей мемлекеттік әлеуметтік университетін бітірген. Еңбек жолын 1977 жылы Талдықорған облысы Ақсу тәжірибе шаруашылығының жұмысшысы болып бастаған. 1983-1985 жылдары - Талдықорған облысы Чапаев орта мектебінің мұғалімі, директордың орынбасары. 1986-1990 жылдары - Талдықорған облысы Ақсу аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы. 1990-1992 жылдары - Ресей мемлекеттік әлеуметтік институтының студенті, Мәскеу қаласы. 1992-1994 жылдары - Талдықорған облыстық Жастар істері жөніндегі комитетінің төрағасы. 1994-1997 жылдары - Талдықорған облыстық Жастар істері, спорт және туризм жөніндегі басқарма бастығының бірінші орынбасары. Талдықорған қаласы әкімі аппаратының Ішкі және әлеуметтік саясат бөлімінің меңгерушісі. 1997-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің бас маманы. 1998-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ақпараттық-талдау бөлімінің консультанты, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ақпараттық-талдау бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2003 жылдан Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметін атқарады. 2010 жылғы 9 сәуір күні Парламент Сенатының пленарлық отырысында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі лауазымына жаңа бес жылдық мерзімге тағайындалды. Екі медальмен марапатталған. 44 жыл бұрын (1970) Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ қоюшы-режиссері суретші, сценарист ӘБДІРАШЕВ Рүстем Жарасқанұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Ол Алматыдағы көркемсурет училищесін «театр суретшісі» мамандығы бойынша тәмамдап, кино саласындағы жұмысын да суретшіліктен бастады. Рүстемнің суретші ретінде еңбегі сіңген «Отырардың күйреуі», «Көзімнің қарасы» фильмдері - Мемлекеттік сыйлық алған картиналар. Тіпті кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов «Көзімнің қарасы» фильміне қоюшы-суретші етіп Рүстемді сонау Мәскеуден, ВГИК-те оқып жатқан жерінен арнайы шақыртып алыпты. ВГИК-тің режиссурасын оқып келген соң Рүстем Әбдірашев өзінің жаңа кәсібіне кірісіп, алғашқы картинасын түсіреді. «Қаладан келген қыз» 2004 жылы Ресейдің Анапа қаласында өткен ТМД және Балтық елдерінің халықаралық кинофестивалінде бас жүлдені жеңіп алады. Небәрі үш-төрт жылдың ішінде режиссер «Шәкен жұлдыздарының» бас жүлдесін де, «Ең үздік режиссура» номинациясын да («Золотой витязь» халықаралық кинофестивалі, Челябинск), «Тарланды» да, т.б. талай фестивальдерде талай жүлделерді қанжығасына байлап үлгерді. Ал оның «Құрақ көрпе» фильмі былтыр дәл осы «Синемас Азия» фестиваліне шақырту алыпты. 2009 жылы «Құрақ көрпенің» кебін құшпай, дер кезінде жолға шыққан «Сталинге сыйлық» олжалы оралды. «Сталинге сыйлық» туындысы Францияда өткен 15-халықаралық Азия фильмдерінің «Синемас Азия» фестивалінде Гран-приді жеңіп алды. Президент стипендиясына ие болған. ҚР жастар сыйлығының, «Тарлан» сыйлығының, Киносыншылардың халықаралық «ФИПРЕССИ» сыйлығының лауреаты, көптеген кинофильмдері фестивальдарда жүлдегер болды. 124 жыл бұрын (1890-1960) орыс ақыны және жазушысы, әдебиет бойынша 1958 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты ПАСТЕРНАК Борис Леонидович дүниеге келді. 99 жыл бұрын (1915) кеңестік және ресейлік театр және кино актері, КСРО халық әртісі ЗЕЛЬДИН Владимир Михайлович дүниеге келді.