10 ақпан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 10 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
78 жыл бұрын (1948) тарих ғылымдарының кандидаты, А.Х. Марғұлан атындағы Археология институты тас және палеометалл дәуірі археологиясы бөлімінің бас ғылыми қызметкері Жолдасбек ҚҰРМАНҚҰЛОВ дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауылында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген.
Еңбек жолы: 1972 жылы отандық археология саласында жетекші маман, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының қызметкері, Орталық Қазақстандағы көптеген қола дәуірі ескерткіштерін анықтап, зерттеді, Институт экспедицияларының тұрақты қатысушысы, далалық зерттеу жетекшісі болды.
Орталық және Оңтүстік Қазақстан ескерткіштерінің материалдық мәдениетін зерттеудің өзекті мәселелерін шешуге зор үлес қосты. Атасу, Мыржық, Ақмая, Ақ-Мұстафа, Талдысай қалаларының бірегей қоныстары мен қорымдарын, Теректі әулие жолының жартастағы суреттерін, Кәкімбай, Ақдын, Таңбалы тасты, түркі-қыпшақтардың тас мүсіндері мен киелі жерлерін тауып, зерттеді.
350-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде бес ғылыми және үш ғылыми- монографияның авторы. Сонымен қатар, «Қызылорда облысының тарих және мәдениет ескерткіштерінің кодексі» атты ірі еңбектің бас құрастырушысы және бас редакторы, «Қазақстан: Ұлттық энциклопедиясының» авторы және ғылыми кеңесшісі.
65 жыл бұрын (1961) МТҚБ «Парламентаризм институты» ШЖҚ РМК директорының орынбасары Ләззат Жаңылысқызы СҮЛЕЙМЕН дүниеге келді.
Алматы облысы Ақсу ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті), Ресей мемлекеттік әлеуметтік университетін бітірген.
Еңбек жолын 1977 жылы Талдықорған облысы Ақсу тәжірибе шаруашылығының жұмысшысы болып бастаған. 1983-1985 жылдары Талдықорған облысы Чапаев орта мектебінің мұғалімі, директордың орынбасары, 1986-1990 жылдары Талдықорған облысы Ақсу аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1990-1992 жылдары Ресей мемлекеттік әлеуметтік институтының студенті, 1992-1994 жылдары Талдықорған облыстық Жастар істері жөніндегі комитетінің төрағасы, 1994-1997 жылдары Талдықорған облыстық Жастар істері, спорт және туризм жөніндегі басқарма бастығының бірінші орынбасары, Талдықорған қаласы әкімі аппаратының Ішкі және әлеуметтік саясат бөлімінің меңгерушісі, 1997-1998 жылдары ҚР Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің бас маманы, 1998-2003 жылдары ҚР Орталық сайлау комиссиясы ақпараттық-талдау бөлімінің консультанты, ҚР Орталық сайлау комиссиясы ақпараттық-талдау бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2010-2019 жылдары ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі, 2019-2023 жылдары – ҚР Парламенті Сенатының депутаты болды.
«Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған.
56 жыл бұрын (1970) кинорежиссер, суретші, сценарист Рүстем Жарасқанұлы ӘБДІРАШЕВ дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Ол Алматыдағы көркемсурет училищесін «театр суретшісі» мамандығы бойынша тәмамдап, кино саласындағы жұмысын да суретшіліктен бастады. Рүстемнің суретші ретінде еңбегі сіңген «Отырардың күйреуі», «Көзімнің қарасы» фильмдері – Мемлекеттік сыйлық алған картиналар. Тіпті кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов «Көзімнің қарасы» фильміне қоюшы-суретші етіп Рүстемді Мәскеуден, ВГИК-те оқып жатқан жерінен арнайы шақыртып алыпты. ВГИК-тің режиссурасын оқып келген соң Рүстем Әбдірашев өзінің жаңа кәсібіне кірісіп, алғашқы картинасын түсіреді. «Қаладан келген қыз» 2004 жылы Ресейдің Анапа қаласында өткен ТМД және Балтық елдерінің халықаралық кинофестивалінде бас жүлдені жеңіп алады. Небәрі үш-төрт жылдың ішінде режиссер «Шәкен жұлдыздарының» бас жүлдесін, «Ең үздік режиссура» номинациясын («Золотой витязь» халықаралық кинофестивалі, Челябинск), «Тарланды», басқа да фестивальдерде талай жүлделерді қанжығасына байлап үлгерді. «Сталинге сыйлық» туындысы Францияда өткен 15-халықаралық Азия фильмдерінің «Синемас Азия» фестивалінде Гран-приді жеңіп алды. Президент стипендиясына ие болған. ҚР жастар сыйлығының, «Тарлан» сыйлығының, Киносыншылардың халықаралық «ФИПРЕССИ» сыйлығының лауреаты, көптеген кинофильмдері фестивальдерде жүлдегер болды.
53 жыл бұрын (1973) Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабы бастығының бірінші орынбасары Асан Қуанышұлы ЖҮСІПОВ дүниеге келді.
Көкшетау облысы, Арық-Балық ауданы, Имантау ауылында туған. 1995 жылы Алматы жоғары әскери училищесін, 2003 жылы ҚР Қорғаныс министрлігінің Әскери академиясын бітірген.
Еңбек жолы: 1995-2001 жылдары 40398 әскери бөлімінде взвод командирінен мотоатқыштар батальонының командиріне дейінгі лауазымдарды атқарды, 2003-2008 жылдары штаб бастығы - бөлімше командирінің орынбасары және 27943 әскери бөлімі командирі, 21450 әскери бөлімінің командирі, 2008-2012 жылдары Өңірлік қолбасшылық әскерлер қолбасшысының орынбасары (жауынгерлік даярлық бойынша) – «Батыс» РҚК Әскерлері қолбасшысы дирекциясының жауынгерлік даярлық бөлімінің бастығы, 2012-2015 жылдары Өңірлік қолбасшылық әскерлер қолбасшысының орынбасары (жауынгерлік даярлық бойынша) – «Шығыс» РҚБ Әскерлері қолбасшысы дирекциясының Жауынгерлік даярлық бөлімінің бастығы, 2015-2016 жылдары Штаб бастығы – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары, 2016-2019 жылдары «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, 2022-2023 жылдары ҚР Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары, 2023-2024 жылдары ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы қызметін атқарған.
51 жыл бұрын (1975) Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Жолдаспекұлы НҰРҒАЛИЕВ дүниеге келді.
Семей облысы, Жарма ауданы, Михайловка ауылында туған. 1994 жылы М.О. Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжін, 2000 жылы Шәкәрім атындағы Семей педагогикалық институтын, 2010 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетін, 2018 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолы: 1994-2000 жылдары Жарма ауданы, Чапаев атындағы орта мектептің мұғалімі, директорының орынбасары, 2002-2003 жылдары Жарма ауданы Ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімі меңгерушісінің м.а., 2003-2005 жылдары аудан әкімдігі аппаратының Ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімі меңгерушісі, 2005 жылы "Жарма ауданының ішкі саясат бөлімі" ММ бастығы, 2005-2009 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы әкімінің көмекшісі, 2009 жылы Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы әкімінің көмекшісі, 2009-2011 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары, 2011-2015 жылдары Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының бастығы болып қызмет атқарған. 2015 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төраға орынбасарының м.а., ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары, 2015-2017 жылдары Ақтөбе облысы ішкі саясат басқармасының басшысы, 2017-2018 жылдары Ақтөбе облысы әкімнің орынбасары, 2018-2019 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі, 2019-2022 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы болды. 2023-2024 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметін 2024 жылғы шілдеден бері атқарып келеді.
46 жыл бұрын (1980) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы Сәкен Сайынұлы ИСАБЕКОВ дүниеге келді.
Мәскеу қаласында туған. Д.А.Қонаев атындағы университетті құқықтану мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 2001-2003 жылдары ҚР Республикалық ұланының әскери бөлімдерінде қызмет етті, 2003-2021 жылдары ҚР Мемлекеттік күзет қызметінде әртүрлі офицерлік және басшылық лауазымдарды атқарды, 2021-2022 жылдары Мемлекеттік күзет қызметі басшысының орынбасары – ҚР Президентінің Күзет қызметінің бастығы болды.
2022 жылдың қаңтар айынан бері қазіргі қызметінде.
ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Елбасының қауіпсіздігін айбынды атқарғаны үшін» медальдарымен марапатталған.
36 жыл бұрын (1990) Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Раздықұлы ОРАЛОВ дүниеге келді.
Павлодар облысында туған. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін, ҚР СІМ Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар университетін бітірген.
Еңбек жолын 2011 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Әлеуметтік тәрбие жұмысы департаменті Жастар ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлімінің бас маманы ретінде бастады. 2013-2016 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Протокол бөлімінің аға маманы, 2014-2016 жылдары «Нұр Отан» партиясының «Нұр» филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2016-2017 жылдары «Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ басшысының м.а., 2017-2018 жылдары «Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ басшысы, 2018 жылы ҚР Дін және азаматтық қоғам министрлігінің Жастар саясаты департаментінің директоры, 2018-2019 жылдары Қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасының орынбасары болып еңбек етті. 2019-2020 жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары, 2020-2021 ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, 2021-2022 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары, 2022-2023 жылдары «Nur Otan» партиясының атқарушы хатшысы, 2023 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрі, 2024-2025 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарған.
Қазіргі лауазымын 2025 жылдың қыркүйегінен бері атқарып келеді.
88 жыл бұрын (1938-2004) әдебиет сыншысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Зейнолла СЕРІКҚАЛИҰЛЫ дүниеге келген.
Атырау облысының Құрманғазы ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін және Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының аспирантурасын бітірген.
«Пионер», «Жұлдыз» журналдарында Қазақстан Жазушылар одағында, қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында жауапты қызметтер атқарған. Қазақ мемлекеттік университетінің арнаулы курстарын жүргізген. «Қазақстан» баспасының, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің бас редакторы, Қазақстан Республикасы Парламентінің бөлім меңгерушісі болып істеген. 2001 жылдан «Раритет» баспа компаниясының бас редакторы болған. Ғалымның жарық көрген негізгі ғылыми-зерттеу, сын кітаптарында қазақ әдебиеті, көркемөнері, мәдениеті мәселелері, ғылыми және көркемдік дүниетаным ерекшеліктері талданған. Жекелеген мақалалары неміс, татар, орыс, түрік тілдерінде жарық көрген. Р. Ролланның «14 шілде», А. Штейннің «Толас», Н. Мирошниченко мен Э. Бобровтың «Қара маржан» пьесаларын, В.Короленконың әңгімелерін аударған, көптомдық «Өнердің ықшам тарихын», «Мәдениет және өнер» сөздігі терминдерін қазақ тіліне аударушылардың бірі болған.
82 жыл бұрын (1944-1992) Мажарстанның атақты ғалымы, мажар және күллі түркінің ынтымағы жолында үлкен еңбек сіңірген қайраткер, филология ғылымдарының докторы, профессор Иштван Қоңыр МАНДОКИ дүниеге келді.
Мажарстандағы екі үлкен өзен – Дунай мен Тисса арасындағы Кішіқұман (Кишкуншаг) өңірінің рухани орталығы саналатын Қарсақ (Карцаг) қаласында туған. Карцаг ауыл шаруашылық техникумын бітіріп, 1963 жылы жерлесі, атақты шығыстанушы Немет Дьюоланың партиялық кепілдемесімен Өтвөш Лоранд атындағы Будапешт мемлекеттік университетінің филология-философия факультетінің Түркология бөліміне оқуға түседі. Аталған университетінің түркітану кафедрасында, Сечени ғылым кітапханасында, Мажарстан Ғалымдар Академиясы алтаистика зерттеулер тобында қызмет істеді. Студент кезінен бастап Еуропадағы түркі этникалық топтар арасына тілдік, фольклорлық және этнологиялық экспедициялар жасаған. Ғылыми-зерттеу сапарын Анадолы, Еділ бойы, Қазақстан мен Орта Азия, Моңғолияға дейін жалғастырған. Иштван Қоңыр еңбектерінің негізгі нысаны – мажарлардың және құмандардың көне тарихы, түркі-мажар байланыстарын зерттеу. Ол өз зерттеулері арқылы мажар тіліндегі түркі текті көптеген сөздердің (бертө, бүту, дионик, каптань, козма, тилт, цөткен-сүттіген, монар-мұнар, ньөкер, бузоган және т.б.) түп төркінін тапты. 1970 жылы «Добруджа татарларының тілдік зерттеулері» тақырыбында диссертациялық жұмысын қорғайды. 1974 жылы Моңғолияға жолы түсіп, ондағы көне түркі ескерткіштері мен қазақ, тува халықтарының ортасында болып, көптеген фольклорлық, этнографиялық деректер жинайды. Көп жылдық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 1981 жылы «Мажарстандағы құман тілінің ескерткіштері» атты еңбегі жарық көрді. Иштван Қоңыр түркі халықтарының әдебиет, фольклор, поэзия үлгілерін мажар тіліне аударуға ат салысты. Б.Момышұлының «Ұшқан ұясын» мажар (венгр) тіліне аударған. Мажар тіліндегі әлем әдебиеті энциклопедиясына 40-қа жуық түркі халықтары қаламгерлері туралы мақалалар жариялады. Түркі халықтары мәдениеті туралы жан-жақты зерттеу еңбектері үшін оған Мажарстан Ғалымдар Академиясының Постумус сыйлығы берілді (1993). Ол 1992 жылы қыркүйекте қайтыс болды, өз өсиеті бойынша қазақ топырағында, Алматы іргесіндегі Кеңсай зиратында жерленген.
80 жыл бұрын (1946-2020) композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеұлы ДҮЙСЕКЕЕВ дүниеге келген.
Қызылорда облысы Қазалы ауданында туған. Алматы консерваториясын бітірген.
1974-1976 жылдары «Гүлдер» ансамблінің бас дирижері және музыкалық жетекшісі, 1976-1979 жылдары «Қазақконцерт» гастрольдік-концерт бірлестігінің музыкалық жетекшісі, 1975-1984 жылдары Қазақ теледидары музыкалық редакциясының бас редакторы болып қызмет атқарған. Оның жетекшілігімен «Тамаша», «Халық – талант қайнары», «Шабыт», «Жастарға арналған музыкалық кештер», «Музыка әлемінде», т.б. теледидарлық бағдарламалар шығарылды. 1984-1997 жылдары Қазақстан мемлекеттік телерадио комитеті эстрадалық-симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болды. 1997 жылдан «Қазақконцерт» гастрольдік-концерт бірлестігінің көркемдік жетекшісі. Ол «Толғау» симфониясының, «Жалаңтөс батыр» симфониялық поэма-картинасының, «О, дүние» кантантасының, «Жыл мезгілдері» романстар циклінің, «Мәди», «Аққу Жібек» мюзиклінің, «Алдар көсе» опереттасының, симфония-концерттер, аспаптарға арналған концерттер, камералық оркестрге шығармалар, соната, рапсодия, вариациялар және 200-ден астам әннің авторы.
«Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған.