10 айда 43 мың тонна сиыр мен 30 мың тонна қой еті экспортқа шығарылды – Айдарбек Сапаров

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 10 айда сиыр етінің экспорты 43 мың тоннаға, ал қой етінің экспорты 30 мың тоннаға жетті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІІ форумында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Саапаров айтты.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Министрдің атап өтуінше, мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар жүзеге асырылып жатыр. Малдың генетикалық әлеуетін жақсарту және мал басын жедел көбейту мақсатында өнімділігі жоғары асыл тұқымды мал импорттау басталды.

- Фермерлер малды 7 жыл мерзімге 6 пайыздық мөлшерлемемен несиеге сатып ала алады. Сонымен қатар бордақылау алаңдарына айналым қаражатын несиелеудің жеке бағдарламасы жұмыс істейді. Биыл 10 айда сиыр етінің экспорты 43 мың тоннаға, ал қой етінің экспорты 30 мың тоннаға жетті, - деді Айдарабек Сапаров. 

Оның айтуынша, ет өндірісімен қатар сүт шаруашылығында да жақсы нәтижелер бар. 

- Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңейту бағдарламасының арқасында соңғы үш жылда сүт өндірісі 400 мың тоннадан астам көлемге ұлғайды. Көптеген заманауи сүт-тауар фермалар іске қосылды. Жаңа технологиялар пайдалану арқасында алдыңғы қатарлы шаруашылықтар Еуропа деңгейіндегі көрсеткіштерге қол жеткізді. Олар, бір сиырдан жылына орта есеппен 11-12 мың литр сүт сауады. Бұл – елімізде сүт өндірісінің дамуының нақты дәлелі, - деді ол.