10 айда республика бойынша 9,7 миллион тонна шикі мұнай өңделді

АСТАНА. Қарашаның 16-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Соңғы 10 айда республика бойынша 9,7 миллион тонна шикі мұнай өңделді.

Өңделген өнімдегі «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның үлесі 17 пайыз. Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте аталған компанияның басшысы Қайыргелді Қабылдин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, бензинді өндіру көлемі республика бойынша  2 миллион тоннаны құрады.  Оның ішінде «ҚазМұнайГаз» компаниясының үлесіне 10 пайыз. Сонымен бірге «Гелиос» және «ТорғайПетролиум» компанияларында сәйкесінше 48 және 18 пайыздан өндірді.

Қ. Қабылдиннің сөзіне қарағанда, 10 айда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бензиннің жеткізілімі артқан. Атап айтқанда, Алматыда бензиннің  жеткізілімі 2008 жылға қарағанда 49 пайызға жоғарылаған.