«Ұлттық қордың активтері жыл басынан 56,3 млрд долларға дейін, 1,1% өсті. Оған инвестициялық табыстың артуы бірден-бір себеп болды. Ол жыл басынан 3,3% артып, 1,83 млрд долларға жетті. Жыл басынан бері қорға түскен түсімдердің барлығы 3,6 трлн теңге болды. Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінген трансферттер 3,7 трлн болды», - деді Данияр Вагапов.
Сондай-ақ, ол жыл басынан бері теңгенің долларға шаққандағы бағамы 469,64 теңгеге дейін, 1,5% әлсірегенін, бұл сыртқы және ішкі факторға байланысты екенін атап өтті.
«Біріншіден, бұл – доллардың жаһандық нығаюы. Оған АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесінің қатаң ақша-кредит саясаты әсер етіп отыр. Екіншіден, импорттаушылар тарапынан маусымдық сұраныстың артуы. Оған жобаларды іске асыру және бюджет қаражатын игеру циклінің жандануы мен басқа да факторлар ықпал етуде», - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.