10 қараша. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 10 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: magnific

Мәдина ЖАРБОСЫНОВА, мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) адам саудасына қарсы күрес жөніндегі арнайы өкілі, БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысанын жою комитетінің мүшесі

Фото: Мәдина Жарбосынованың жеке мұрағатынан

1954 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1975 жылы Алматы шет тілдері педагогикалық институтын ағылшын тілі мұғалімі мамандығы бойынша, 1998 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын дипломат мамандығы бойынша, 2007 жылы Д.А.Қонаев атындағы университетті бітірген. Филология ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолы: 1971-1977 жылдары Алматы шет тілдері педагогикалық институтының комсомол комитеті хатшысының орынбасары болды. 1977-1980 жылдары КСРО Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аспирантурасында оқыды. 1980-1983 жылдары Алматы шет тілдері педагогикалық институтында оқытушы, аға оқытушы болды. 1983-1987 жылдары Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1987-1991 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында партия комитетінің хатшысы, аға оқытушы болып жұмыс істеді. 1991-1995 жылдары ҚР Жоғарғы Кеңесінің шетелдік ақпарат және аударма секторының меңгерушісі болды. 1995-1997 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінде бірінші хатшы, кеңесші, басқарма бастығының орынбасары, Халықаралық ұйымдар және халықаралық экономикалық қатынастар бас басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. 1997 жылы Сыртқы істер министрлігінің Көпжақты ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары болды. 1997-1998 жылдары БҰҰ және халықаралық экономикалық ұйымдар басқармасының бастығы – Сыртқы істер министрлігі бірінші департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды. 1998 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің бірінші департаментінің директоры, 1998-1999 жылдары сыртқы істер вице-министрі қызметтерін атқарды. 1999-2003 жылдары Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі, сонымен қатар Қазақстанның Куба Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды. 2003 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы қызметін атқарды. Сол жылдан бастап ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болды. 2003-2004 жылдары Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысу мәселелері жөніндегі ұлттық үйлестірушісі қызметін атқарды. 2012-2014 жылдары ЕҚЫҰ-ның Украинадағы жобалар үйлестірушісі болды. 2014 жылдан бастап ЕҚЫҰ-ның адам саудасына қарсы күрес жөніндегі арнайы өкілі, ал 2024 жылғы маусымнан бері БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комитетінің мүшесі.

Шырын ҚҰРМАНБАЕВА, Alikhan Bokeikhan University президенті

Фото: abu.edu.kz

1958 жылы Семей қаласында дүниеге келген. 1980 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тарихшы, тарих және қоғамтану пәндерінің оқытушысы мамандығы бойынша, 2000 жылы Қазақ заң академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1980-1982 жылдары Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтында ассистент болды. 1982-1984 жылдары Семей ет және сүт өнімдері технологиялық институтында ғылыми-зерттеу тағылымдамасынан өтті. 1984-1990 жылдары осы институтта оқытушы, 1990-1994 жылдары аға оқытушы, 1994-1998 жылдары аға оқытушы, доцент қызметтерін атқарды. 1998-2000 жылдары Қазақ мемлекеттік заң академиясының Семей филиалын басқарды. 2000-2002 жылдары «Қазақ мемлекеттік заң академиясы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Семей заң институтының директоры болды. 2002-2003 жылдары «Қазақ гуманитарлық-заң университеті» жабық акционерлік қоғамының Семей заң институтын басқарды. 2003-2007 жылдары осы институттың ректоры, 2007-2009 жылдары М.О.Әуезов атындағы Семей университетінің президенті қызметін атқарды. 2009-2023 жылдары Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетінің (қазіргі Alikhan Bokeikhan University) ректоры болды.

Қазіргі қызметін 2023 жылғы тамыздан бері атқарып келеді.

2017 жылы «Парасат» орденімен, 2008 жылы «Шапағат», 2011 жылы «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы», 2015 жылы «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ 2007 жылы «ҚР ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін», 2018 жылы «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерін иеленген.

Маралбек ЕШІМОВ, Ақмола облысы прокурорының бірінші орынбасары

Фото: academy-gp.kz

1973 жылы Ақмола облысы Жақсы ауданында дүниеге келген. 1998 жылы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1990-1991 және 1993-1994 жылдары Ақмола облысы Жақсы аудандық ішкі істер бөлімінің күзет бөлімшесінде электр монтері болды. 1998-2005 жылдары Қостанай облысының прокуратура органдарында қызмет атқарды. 2005-2012 жылдары ҚР Бас прокуратурасының кадр жұмысы департаментінде бөлім прокуроры, ұйымдастыру-талдау басқармасының бастығы, 2012-2018 жылдары Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің өңірлік көлік басқармасының бастығы, 2018-2019 жылдары осы комитеттің Астана қаласы бойынша басқармасының бастығы, 2019-2026 жылдары ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының проректоры болды.

Қазіргі қызметін 2026 жылғы маусымнан бері атқарып келеді.

Руслан ҚОЖАСБАЕВ, Қазақстанның мемлекеттік қайраткері

Фото: Facebook / Руслан Қожасбаев

1976 жылы Алматы облысы Сарқан ауданында дүниеге келген. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1999-2004 жылдары Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының қаржы полициясы органдарында қызмет етті. Әртүрлі компанияларда күрделі құрылыс және инвестициялық жобалар департаменттерінің директоры, бас менеджер, «Парасат холдинг» АҚ вице-президенті қызметтерін атқарды. «Энерго-Инжиринг» ЖШС байқау кеңесінің төрағасы болды. 2018 жылғы мамыр – 2020 жылғы мамыр аралығында Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы, 2020-2023 жылдары «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» өңірлік даму институты» АҚ басқарма төрағасы болды. 2023-2026 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты.

Бағлан ӨСЕРБАЕВ, «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

1978 жылы Түркістан облысы Ордабасы ауданының Төрткүл ауылында дүниеге келген. Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери академиясын мотоатқыштар әскерлерін басқару тактикасы мамандығы бойынша, ҚР Ұлттық қорғаныс университетін әскери және әкімшілік басқару бағыты бойынша бітірген. 2020 жылы Ұлттық қорғаныс университеті Бас штаб академиясының әскери іс саласындағы стратегиялық менеджмент бағдарламасын тәмамдаған.

Еңбек жолын десанттық-шабуылдау взводының командирі қызметінен бастады. Рота командирінен бастап, әртүрлі гарнизондардағы әскери бөлімдердің командиріне дейінгі қызметтерді атқарды. «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының штаб бастығы – бірінші орынбасары болды.

Қазіргі қызметін 2026 жылғы сәуірден бері атқарып келеді.

Руслан ҚАЮПОВ, Қызылорда облысы әкімдігі қоғамдық даму басқармасының басшысы

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі қоғамдық даму басқармасы

1984 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданында дүниеге келген. Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген, экономика магистрі. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Мемлекеттік саясат» білім беру бағдарламасы бойынша магистр дәрежесін алған.

Еңбек жолы: 2010-2011 жылдары «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының жастарды жұмыспен қамту жобасының аға үйлестірушісі, 2011-2012 жылдары Шиелі аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы, 2012-2013 жылдары Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы болды. 2013 жылы Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінің маманы, Қызылорда облысы әкімінің аппараты Қоғамдық келісім орталығының бас сарапшысы, Қызылорда қаласы әкімінің аппаратында бас инспектор, қала әкімінің баспасөз хатшысы қызметін атқарды. 2018-2020 жылдары қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы, 2020 жылғы шілде – 2024 жылғы шілде аралығында Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары болып еңбек етті.

Қазіргі қызметін 2024 жылғы шілдеден бері атқарып келеді.

Әсет ТҰРЫСОВ, Қазақстан Республикасының қаржы вице-министрі

Фото: Үкімет

1987 жылы Мәскеу қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін математикалық және компьютерлік модельдеу мамандығы бойынша, «Нархоз» университетін экономика мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2009 жылы «Қазақтелеком» АҚ Ақпараттық жүйелер дирекциясының операциялық жүйелерді әкімшілендіру бөлімінде жүйелік әкімші-инженер болып бастаған. 2011-2014 жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің ақпараттық технологиялар саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің сарапшысы, бас сарапшысы болды. 2014 жылы Астанадағы «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК басқарушы директоры, 2014-2018 жылдары «Қазпошта» АҚ басқарушы директоры қызметін атқарды. 2017 жылдан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, 2018-2021 жылдары «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы, 2021-2024 жылдары ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі болды.

Қазіргі қызметін 2024 жылғы наурыздан бері атқарып келеді.

Олжас ЫСҚАҚОВ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық медициналық-санитариялық жедел жәрдем орталығының басшысы

Фото: gov.kz

1988 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 2012 жылы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін дәрігер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2013-2014 жылдары Қызылорда қаласындағы №3 қалалық емханада учаскелік дәрігер, 2014-2016 жылдары осы емхананың бөлім меңгерушісі, 2016-2018 жылдары бас дәрігердің орынбасары болды. 2018 жылы Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасында медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру бөлімінің басшысы, 2018-2021 жылдары басқарма басшысының медициналық және профилактикалық мәселелер жөніндегі орынбасары, 2021 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің медициналық-әлеуметтік оңалту басқармасының басшысы қызметін атқарды. 2021-2023 жылдары осы департамент директорының орынбасары, 2023-2026 жылдары Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы болды.

Қазіргі қызметін 2026 жылғы наурыздан бері атқарып келеді.

Нұрбақыт СЕРІКБАЙ, Алматы қаласының энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы

Фото: Алматы қаласының әкімдігі

1996 жылы Түркістан облысы Кентау қаласында дүниеге келген. Алматы энергетика және байланыс университетін жылу энергетикасы мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ осы университетте өнеркәсіптік жылу энергетикасы мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.

Еңбек жолы: 2018-2022 жылдары Алматы қаласының Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының энергия және жылумен жабдықтау бөлімінің бас маманы, 2022-2023 жылдары Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының энергия және жылумен жабдықтау бөлімінің басшысы қызметін атқарды. 2023-2025 жылдары осы басқарма басшысының орынбасары болды.

Қазіргі қызметін 2025 жылғы шілдеден бері атқарып келеді.