10 қараша. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 10 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform

69 жыл бұрын (1954) мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Адам саудасымен күрес жөніндегі арнайы өкілі Мәдина Бинешқызы ЖАРБОСЫНОВА дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы педагогикалық шет тілдер институтын, КСРО Ғылым Академиясының Тіл білімі институтының аспирантурасын бітірген. Филология ғылымының кандидаты, 2-сыныпты Төтенше және Өкілетті уәкіл.

Алматы педагогикалық шет тілдер институтының оқытушысы, аға оқытушысы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының аға оқытушысы болып қызмет атқарған. 1991-1995 жылдары – ҚР Жоғарғы Кеңесі Шетелдік ақпарат және аудармалар секторының меңгерушісі. 1995-1997 жылдары – ҚР Сыртқы істер министрлігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі, Халықаралық ұйымдар және халықаралық экономикалық қатынастар басқармасы бастығының орынбасары, басқарма бастығы. 1997 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің көп жақты ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары. 1997-1998 жылдары – ҚР Сыртқы істер министрлігінің БҰҰ және халықаралық экономикалық ұйымдар басқармасының бастығы - 1-департамент директорының орынбасары. 1998-1999 жылдары – ҚР Сыртқы істер министрлігі 1-департаментінің директоры, ҚР Сыртқы істер вице-министрі. 1999-2003 жылдары БҰҰ-дағы Қазақстанның Тұрақты өкілі, ҚР Куба Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қосымша атқарған. 2003 жылдың ақпанынан наурызына дейін – Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының төрайымы. 2003 жылдың тамызынан ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар бойынша елшісі. 2013 жылдың мамыр айында ЕҚЫҰ Украинадағы жобаларының үйлестірушісі болып тағайындалды. 2014 жылдың маусым айында ЕҚЫҰ-ның Адам саудасымен күрес жөніндегі арнайы өкілі болып тағайындалды.

67 жыл бұрын (1956) Қазақстанның мәдениет және саясат қайраткері Майра Арапқызы АЙСИНА дүниеге келді.

Бұрынғы Көкшетау, қазіргі Ақмола облысы Зеренді ауданының Костомаровка ауылында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін математика пәнінің оқытушысы мамандығы бойынша, Алматы саясаттану және басқару институтын саясаттану мамандығы бойынша, Қазақ гуманитарлық-заң университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1974 жылы Қарағанды қаласы №27 орта мектебінде бастаған. 1994 жылы – ҚР Жастар ісі, туризм және спорт министрлігінің жастар саясаты бас басқармасының бастығы. 1997 жылы – ҚР Білім және мәдениет министрлігінің үйлестіру және бақылау департаменті ұйымдастыру және құжаттамамен қамтамасыз ету басқармасының бастығы. 1997-1999 жылдары – ҚР Білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің әкімшілік департаменті директорының орынбасары. 1999-2001 жылдары – ҚР Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігінің әкімшілік департаменті директорының орынбасары. 2001 жылы – ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің консультанты, білім секторының меңгерушісі. 2005-2006 жылдары – ҚР Білім және ғылым вице-министрі. 2006-2007 жылдары – «Отан» Республикалық саяси партиясы Орталық аппаратының басшысы, аппарат басшысының бірінші орынбасары. 2007-2011 жылдары – IV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012-2016 жылдары – V сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2016-2021 жылдары - VІ сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі.

«Құрмет» орденімен (2011), «Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгiне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Ерен еңбегі үшін» (2005), «Астана» (2006), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016) медальдарімен марапатталған.

65 жыл бұрын (1958) саяси ғылымдар докторы, профессор, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, РФ Саяси ғылымдар академиясының мүшесі, Әлихан Бөкейханов атындағы университеттің ректоры Шырын Асылханқызы ҚҰРМАНБАЕВА дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында туған. ҚазМУ-дің тарих факультетін (1980, қазіргі ҚазҰУ) және Қазақ заң академиясын (2000) бітірген. Тарихшы, саясаттану ғылымның докторы (2003), профессоры (2006). Ресей саясаттану академиясының толық мүшесі. ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері (2004).

Еңбек жолы: 1980-1982 жылдары Семей мал дәрігерлік институтында ассистент, 1982-1998 жылдары Семей ет және сүт өнеркәсібі технологиялық институтында стажер-ізденуші, оқытушы, аға оқытушы, доцент, 1998-2000 жылдары Қазақ заң академиясы Семей бөлімшесінің және 2000-2003 жылдары Семей заң институтының директоры, 2003-2007 жылдары Қазақ гуманитарлық заң университетінің ректоры, 2007-2009 жылдары Семей университетінің президенті қызметтерін атқарды.

Қазіргі қызметін 2009 жылдан бері атқарып келеді.

38 жыл бұрын (1984) Жамбыл облысы прокурорының орынбасары Әділ Әбдіқадырұлы КӘРІМ дүниеге келді.

Шымкент қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін құқықтану мамандығы бойынша, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін қаржы мамандығы бойынша, М.В. Ломоносов атындағы ММУ-нің магистратурасын бітірген.

Еңбек жолы: Орал көліктік прокурорының көмекшісі (2004), Орал қаласы прокурорының көмекшісі, Батыс Қазақстан прокуратура басқармасының прокуроры, Алматы қаласы Бостандық ауданы прокурорының аға көмекшісі, Алматы қаласы прокуратура басқармасының аға прокуроры, Алматы қаласы Алатау, Алмалы аудандары прокурорларының орынбасары, Шымкент қаласы Қаратау ауданының прокуроры (2015-2018), Түркістан ауданы Бәйдібек ауданының прокуроры (2018-2019).

Қазіргі қызметін 2019 жылдың сәуір айынан бері атқарып келеді.

36 жыл бұрын (1987) Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Нұрланұлы ТҰРЫСОВ дүниеге келді.

Мәскеу қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің «Математикалық және компьютерлік модельдеу бакалавры» мамандығын бітірді. 2017 жылы «Экономика бакалавры» мамандығы бойынша «Нархоз» университетін аяқтады.

Еңбек жолын 2009 жылы «Қазақтелеком» АҚ ақпараттық жүйелер дирекциясының операциялық жүйелерді басқару бөлімінің инженер-жүйе әкімшісі болып бастаған. 2011-2014 жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің ақпараттық технологиялар саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің сарапшысы, бас сарапшысы болып қызмет етті. 2014 жылы Астана қаласындағы «Халыққа қызмет ету орталығы» РМК, 2014-2018 жылдары «Қазпошта» АҚ басқарушы директоры лауазымында қызмет етті. 2017 жылдан «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры. 2018-2021 жылдары «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы.

Қазіргі қызметін 2021 жылдың қаңтар айынан бері атқарып келеді.