10 қазан. Жылнама

ҚазАқпарат оқырман назарына 10 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Фото: ҚазАқпарат

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстанда кәсіподақтар күні

Қазақстанның кәсіби мерекелер күнтізбесіндегі жаңа күн Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен 2019 жылдың мамыр айында пайда болды.

Қазақстан кәсіподақтарының күні кәсіподақтардың еңбек нарығындағы маңызды рөлін атап көрсету және елдегі кәсіподақ қозғалысының дамуын ынталандыру үшін құрылды.

Дүниежүзілік ботқа күні

Жыл сайын аталып өтеді. Ол алғаш рет 2009 жылы кедей елдердегі аштықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсететін Шотландияның Mary's Meals қайырымдылық орталығына ақша жинау үшін ұйымдастырылды.

Дүниежүзілік үйсіз адамдар күні

Ол алғаш рет 2010 жылдың 10 қазанында аталып өтті. Дүниежүзілік үйсіз адамдар күнінің басты міндеті - халықтың назарын үйсіздік проблемасына аудару, үйсіздердің стигматизациясымен күресу (көшеде жүрген адамдардың бәрі бірдей маскүнемдер мен нашақорлар емес) және адамдарды қандай да бір себептермен баспанасыз қалған адамдарға көмектесуге жұмылдыру.

Дүниежүзілік өлім жазасына қарсы күрес күні

Бұл күнді 2003 жылы өлім жазасына тыйым салу бойынша дүниежүзілік коалиция бекітті. Дүниежүзілік коалиция құрамында 120 құқық қорғау ұйымы, қорғаушылар бірлестігі, кәсіподақтар ұйымы, жергілікті және өңірлік атқарушы билік бар. Оның басты мақсаты – әлемдегі өлім жазасын жою.

Бүкіләлемдік жүйке саулығы күні

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен Бүкіләлемдік жүйке саулығы федерациясының шешімімен 1992 жылдан бастап жыл сайын аталып өтеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1939 жылы Ұлытау ауданының негізі қаланды, қазіргі уақытта оның аумағы 12 мың га-дан асады, мұнда 12 ауылдық округ, 3 кенттік округ және 44 шаруа қожалығы бар. Бұл өлке Қазақстан тарихи-рухани қазынасының бірі деп аталады. Мұнда 600 тарихи ескерткіш бар. Жошыхан кесенесі (XII ғасыр), VIII-XIII ғасырлардағы Домбауыл ескерткіштері, Алашахан кесенесі, Басқамыр, Алтыншоқы қалашығы, Хан орда (XV ғасыр) мемлекеттік маңызға ие. Ұлытау ауылында мемлекеттік ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы орналасқан. Жезді кентінде ТМД-дағы жалғыз тау-кен және балқыту ісінің мұражайы ұйымдастырылған.

1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан - 2030» атты ел дамуының стратегиялық жоспары - Жолдау жарияланды.

1999 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне сайлау өтіп, нәтижесінде депутаттар алғаш рет партиялық тізім арқылы да сайланды.

2000 жылы Еуразиялық экономикалық қауымдастығы (ЕурАзЭҚ) құрылды, оның құрамына Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кірді. 2006 жылы Өзбекстанның ЕурАзЭҚ құру туралы шартқа қосылу туралы хаттамаларға қол қойылды, оның 2008 жылы ЕурАзЭҚ-қа мүшелігі тоқтатылды. 2002 жылы Украина мен Молдова ЕурАзЭҚ жанындағы бақылаушылар мәртебесін, 2003 жылы Армения мәртебесін алды. 2003 жылғы желтоқсанда ЕурАзЭҚ-қа БҰҰ Бас Ассамблеясында бақылаушы мәртебесі берілді.

2011 жылы Қарағандыда Қазыбек би ескерткіші ашылды. Ескерткіш авторы - астаналық мүсінші Мұрат Мансұров. Қоладан жасалған мүсіннің биіктігі - 6 метр. Ол 8 метрлік тұғырға қойылды.

2013 жылы Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде ЮНЕСКО атқарушы кеңесінің 192-сессиясының аясында Қазақстанның халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың мерейтойлық көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Ә. Ысмайыловтың шығармашылық мұрасы қазақ бейнелеу өнерінің «алтын қорына» енгізілген.

2013 жылы Омбыда «Қасқат ауылының қазақтары: Батыс Сібірдегі қазақ тұрғындары мәдениетіндегі инновация және дәстүр» монографиясы жарыққа шықты.

2014 жылы Қазақстанның «Қазбат» бітімгерлік батальонының екі офицері Батыс Сахарадағы БҰҰ миссиясына бақылаушы ретінде жіберілді. БҰҰ миссиясының мандатына сәйкес, әскери бақылаушылардың басты міндеті - патрульдеу, бақылау және жағдай туралы есеп беру.

2016 жылы Қазақстан, Әзербайжан және Грузия Транскаспий халықаралық көлік маршрутының халықаралық қауымдастығын құрды. Ұйымның кеңсесі Астана қаласында орналасты.

2017 жылы Шымбұлақ 2017-2018 жылғы қыс маусымында ТМД-дағы ең танымал тау-шаңғы курорты атанды.

2018 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алтыншы съезінің ашылуында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ватиканның папалық кеңесіне «Дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін» бірінші сыйлығын табыс етті.

2019 жылы Алматыда алғаш рет мәнерлеп сырғанаудан әлемнің 18 елінен келген спортшылардың қатысуымен «Денис Тен мемориалы» халықаралық турнирі басталды. Олимпиада ойындарының жүлдегері, әлемге әйгілі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді еске алуға арналған турнир Халықаралық конькимен жүгірушілер одағының (ISU) қолдауымен Halyk Arena көпфункционалды кешенінде өтті. Турнирдің ұйымдастырушысы – қазақстандық мәнерлеп сырғанаушының жеке жобаларын сақтау және дамыту мақсатында туған-туыстары мен жақындарының бастамасымен құрылған «Денис Тен қоры» қоғамдық қоры.

2022 жылы Қазақстан президенті телерадиокешенінің қаңтардағы қайғылы оқиғаларға арналған «Қаңтар қасіреті» деректі картинасы Минскіде өткен «Евразия.DOC» ТМД елдері деректі кино фестивалінде арнайы сыйлыққа ие болды.