10 мамыр. Тұлғалар туған күн

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 10 мамырда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

113 жыл бұрын (1910-1970) мемлекет қайраткері, ғалым Махмұд САПАРҒАЛИЕВ дүниеге келген.

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында туған.

РКФСР халық ағарту халкомының бір жылдық курсын бітірген.

Орал облыстық оқу бөлімінде инспектор әрі медицина техникумында оқытушы, облыстық жер басқармасы бастығының орынбасары, облыстық атқару комитетінің бөлім бастығы қызметтерін атқарған. Кейін Ембі мұнай кәсіпшілігін, Мақат аудандық партия комитетін басқарған. 1944 жылы Республикалық жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, 1945-1953 жылдары сауда министрі қызметін атқарған. 1955-1959 жылдары - Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы, Жамбыл облысы комитетінің бірінші хатшысы, 1959-1965 жылдары - Қазақ КСР Ішкі істер министрі. Өмірінің соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының сектор басшысы, Философия және құқық институтының аға ғылыми қызметкері болды. «Қазақ КСР тарихын» шығаруға атсалысқан.

Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

94 жыл бұрын (1929-1989) жазушы-аудармашы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Кәкімжан ҚАЗЫБАЕВдүниеге келген.

Алматы облысы Сарқан ауданындағы Ағарту кеңшарында, қазіргі Кәкімжан Қазыбаев ауылында туған. Еңбек жолын Ұлы Отан соғысы жылдарында ұжымшарда есепші болып бастаған. 1952 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін үздік аяқтады. Әр жылдарда республикалық «Лениншіл жас» газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы, Алматы облыстық «Жетісу» газетінде редактордың орынбасары, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, хатшысы, Қазақ ССР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары болды.

1974-1982 жылдары аралығында ҚазТАГ (қазіргі «ҚазАқпарат» ХАА) директоры қызметін атқарды. Бұдан соң, Қазақстан Компартиясының хатшысы болып сайланып, ҚКПОК Бюро мүшесі болған. «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен, мақтау грамоталарымен марапатталған. Оның қаламынан туған көптеген мақалалар мен очерктер, көркем әдеби және публицистикалық туындылар, «Кернеген кек», «Құпия», «Ызғар», «Сұрапыл», «Октябрь өрендері», «Ақиқатқа ар серік», «Аманат», «Қышыма» атты романдары мен повестері оқырман қауым мен сыншылардан жоғары бағасын алған. Орыс тілінде «Изморозь», «Наказ», «Советский Казахстан» және «Қара сел» атты үш актілі пьеса жазған. Қаламгер жайында «Көзден кетіп, көңілде қалған», «Азамат еді еңселі» деген атпен естелік кітаптар шыққан.