10 миллиондық межеге қарсы: Швейцарияда халық саны бойынша референдум өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Швейцариялықтар халық санын 10 миллион адаммен шектеу мәселесі бойынша дауыс беріп жатыр, деп хабарлайды Еuronews .

Фото: Report

Жексенбі күні Швейцария азаматтары референдумда ел халқының өсуін шектеуге бағытталған бастаманы қолдай ма, жоқ па, соны шешеді.

Сауалнамалар бұл ұсыныстың экономика мен Еуропалық одақпен қарым-қатынасқа қатысты алаңдаушылықтар аясында қабылданбайтынын көрсетіп отыр.

Швейцариялықтар «10 миллион халқы бар Швейцарияға жол жоқ!» атты бастама бойынша дауыс береді. Құжаттың мақсаты — 2050 жылға дейін ел халқының санын 10 миллион адамнан төмен деңгейде сақтау.

Бұл шараны оңшыл бағыттағы Швейцария халық партиясы ұсынды. Партия қажетті 100 мың қол жинағаннан кейін бастама жалпыұлттық дауыс беруге шығарылды.

Елдегі ең ірі парламенттік партия бұл ұсынысты «тұрақты даму бастамасы» деп атап, бақылаусыз көші-қон тұрғын үйге, мемлекеттік қызметтерге, білім беру жүйесіне және қоршаған ортаға шамадан тыс салмақ түсіріп отырғанын мәлімдейді.

Соңғы жылдары еңбек нарығының қарқынды дамуына байланысты Швейцария халқы айтарлықтай өсті. 2025 жылдың соңында елде шамамен 9,1 миллион адам тұрған, олардың шамамен 27 пайызы Швейцария азаматтығына ие емес.

Егер халық саны 9,5 миллионнан асса, бастама парламентті баспана беру мен отбасыларды біріктіру бағдарламаларын шектеуге міндеттейді. Ал халық саны 10 миллионға жеткен жағдайда, елге Еуропалық одақ-пен еркін жүріп-тұру туралы келісімдерді бұзу қажет болады.

Сауалнама көрсеткендей, ұсыныс аз ғана айырмашылықпен қабылданбайды. Үкімет пен ірі бизнес өкілдері бастамаға үзілді-кесілді қарсы шығып, оның экономикаға зиян келтіріп, ұлттық әл-ауқатты әлсірететінін және қауіпсіздік саласындағы маңызды еуропалық келісімдерге қатер төндіретінін ескертіп отыр.

Олардың айтуынша, Швейцарияның гүлденуіне елеулі үлес қосып отырған медицина саласындағы зерттеулер, құрылыс және денсаулық сақтау сияқты экономиканың маңызды секторлары негізінен шетелдік жұмыс күшіне, әсіресе ЕО-ға мүше көрші елдердің азаматтарына тәуелді. Қонақүй бизнесінде де қызметкерлердің 50 пайыздан астамы — шетелдіктер. Бұл туралы hotelleriesuisse ұйымының басшысы Мартин фон Моос айтып, бастама саладағы созылмалы кадр тапшылығын одан әрі күшейтетінін мәлімдеді.

Сарапшылар бұл бастама Швейцарияны негізгі сауда серіктесі саналатын Еуропалық одақпен байланыстыратын маңызды келісімдерге, соның ішінде 1999 жылғы адамдардың еркін жүріп-тұруы туралы келісімге қауіп төндіреді деп алаңдайды.

Өткен жылы Швейцария экспортының жартысынан астамы ЕО елдеріне бағытталған. Оның көлемі 147 миллиард швейцар франкінен (159,2 миллиард еуродан) асты.

— Біз үшін еуропалық нарыққа қолжетімділік өмірлік маңызды, — деді тоқыма жабдықтарын өндіруші Steigertextil компаниясының басшысы Пьер-Ив Бонвен.

Компания елдің оңтүстік-батысындағы Вионна қаласында орналасқан. Ол өндірістің бір бөлігін Қытайға көшіргенімен, жоғары қосылған құны бар жабдықтарды шығаруды Швейцарияда сақтап қалған.

Steiger компаниясының Швейцариядағы 40 қызметкерінің үштен бірінен астамы — шетел азаматтары. Бонвеннің айтуынша, елде машиналарды жобалайтын, өндіретін және құрастыратын инженерлер табылғанымен, оларды сынақтан өткізіп, калибрлейтін мамандар жетіспейді.

— Швейцарияда бұл сала бойынша мамандар енді даярланбайды, сондықтан біз мұндай қызметкерлерді Франция мен Германиядан жалдауға мәжбүрміз, — деді ол.

Оның айтуынша, дәл осы құзыреттерсіз компания аталған жабдықтарды Швейцарияда өндіруді жалғастыра алмас еді.

Еconomiesuisse⁠ ұйымының бас экономисі Рудольф Минш бұл ұсыныс «барлығын еш шығынсыз алуға болады деген иллюзияны сатуда және тұрғын үй мен көлік мәселелерін шеше алмайды» деп мәлімдеді.

Айта кетелік Швейцария халық санын шектеу үшін Шенген аймағынан шығуы мүмкін екенін жазған едік