Қалалардағы базар мен арнайы дүкенді аралап, Шымкент пен Ақтөбеде баға төмен екенін білдік. Бұл қалаларда киім-кешек құны 10 мың теңгеден басталады. Көкшетауда күздік киім бағасы 12 мың теңгеден басталса, Тараз, Павлодар, Семей мен Түркістанда 15 мың теңге және одан жоғары.
Соған қарамастан, еліміздегі кейбір қалада баға айырмашылығы жоғары. Мәселен, Қарағанды мен Қостанайда маусымдық күрте бағасы кей жерде 300 мың теңгеге дейін жетті. Жезқазғанда күрте бағасы 200 мың теңге, Алматыда 120 мың теңге, Өскеменде 115 мың теңге дейін барады.
Елімізде аяқ киім бағасында айырмашылық жоғары. Ең арзаны Көкшетауда. Мұнда 8 мың теңгеден басталады. Таразда аяқ киімді 10 мың теңгеге де сатып алуға болады. Баға өндіруші мен сапасына қарай өсе беретінін ұмытпаған жөн.
Астанада етік бағасы 20 мыңнан басталып, 130 мыңға дейін жетеді. Қарағанды, Жезқазған мен Қостанайда кейбір аяқ киім 100 мың теңгеге бағаланады. Алматыда күздік аяқ киім бағасы 20-90 мың теңге, Атырауда 20-70 мың теңге аралығында.
Талдықорғанда күздік сырт киімді 15-65 мың теңгеге, ал етікті 15-45 мың теңгеге сатып алуға болады. Оралда күрте бағасы 15-55 мың теңге аралығында болса, аяқ киім бағасы 15-60 мың теңге. Қызылордада күрте бағасы 20-35 мың теңге аралығында, ал етік құны 29,9-79 мың теңге.
Демек күздік киім бағасы таңдауымызға қарай қолжетімді болып тұр. Кейбір тұтынушы сапасы мен өндірушісіне мән береді. Ол кезде бағасы да соған сай жоғары болады. Әсіресе, аяқ киім таңдағанда бағасына емес, сапасына мән берген жөн.
Айта кетейік, біз салыстырған киім-кешек пен аяқ киім бағасы ресми статистика емес.
Бұған дейін Kazinform Астанада көмір қанша тұратынын және қайдан сатып алуға болатынын жазды.