10 наурыз. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 10 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
77 жыл бұрын (1947) ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қарағанды қаласының құрметті тұрғыны Дүйсен Қорабайұлы ҚАСЕЙІНОВ дүниеге келді.
Алтай өлкесінде туған. 1965 жылы Тәттімбет атындағы Қарағанды музыкалық училищесін, 1970 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік өнер институтын, П.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясын бітірген.
Еңбек жолын Қазақ радиосы мен телевизиясы камералық оркестрінің әртісі болып бастады. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының аға оқытушысы, Мехико филармониясы оркестрінің әртісі, Алматы мемлекеттік консерваториясы доцентінің міндетін атқарушы, скрипка кафедрасының меңгерушісі болды. 1984-1987 жылдары Қазақстан Компартиясы ОК нұсқаушысы, 1987-1997 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының ректоры, 1997-2002 жылдары ҚР білім және мәдениет министрлігінде мәдениет департаментінің директоры, Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінде мәдениет комитетінің төрағасы, мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде мәдениет комитетінің төрағасы, вице-министр лауазымдарын атқарған. 2002-2003 жылдары «Дегдар» гуманитарлық қорының президенті, 2003-2004 жылдары ҚР Мәдениет министрі, 2004-2008 жылдары ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болды.
Профессор. Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер, «Тарлан» сыйлығымен марапатталған. «Құрмет», «Парасат», Ресейдің «Достық», Польшаның «Поляк мәдениетіне сіңірген еңбегі үшін» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
2023 жылғы 5 наурызда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет және өнер қайраткері Қасейінов Дүйсен Қорабайұлына мәдениет және өнер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан құнды үлесі үшін «Еуразия халықаралық университетінің құрметті профессоры» атағы берілді.
51 жыл бұрын (1973) Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Айдар Әскербекұлы СМАҒҰЛОВ дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысында туған. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген.
Еңбек жолы: 2003 жылы Петропавл қалалық сотының судьясы, 2010-2014 жылдары Петропавл қаласының №2 сотының судьясы, М.Жұмабаев ауданының аудандық сотының төрағасы, 2014-2017 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы, 2017-2023 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметін атқарған.
2023 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.
43 жыл бұрын (1981) «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС құқықтық және кадрлық қамтамасыз ету орталығының жетекшісі Шолпан Қаниқызы ЖҰМАҒАЗИЕВА дүниеге келді.
2003 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 2004 жылыҚР Қаржы министрлігі «Маңғыстау аумақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ мемлекеттік мүлікті жекешелендіру және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бас маман-заңгер кеңесшісі, бастығы, 2006 жылы заң қызметінің шағымдар тобының жетекшісі, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ құқықтық қамтамасыз ету және корпоративтік басқару департаментінің директоры, 2010 жылы «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ құқықтық қамтамасыз ету және келісімшарттық қамтамасыз ету бөлімінің бас заңгері, Заң қызметінің бастығы, құқықтық қамтамасыз ету және активтерді басқару департаментінің директоры, 2014-2015 жылдары Құқықтық қамтамасыз ету және келісім-шарттар департаментінің директоры, 2015-2017 жылдары «ҚазМұнайГаз» Өндіру және бұрғылау технологиялары ғылыми-зерттеу институты» ЖШС құқықтық және кадрлық жұмыс департаментінің директоры қызметін атқарған.
Қазіргі лауазымын 2017 жылдың сәуір айынан бері атқарып келеді.
42 жыл бұрын (1982) «First Heartland Jusan Bank» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Ғалымжан Шахмарданұлы ЕСЕНОВ дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. The University of Chicago booth School of Business Executive MBA бағдарламасы бойынша, Қазақ мемлекеттік заң университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша және Экономика және басқару академиясы «Еуразиялық нарық институтын» «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1999-2002 жылдары «Golden Grain» агроөнеркәсіп кешенінің жабдықтарды пайдалану және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі, 2002-2003 жылдары «Golden Grain» директорының орынбасары, 2003-2007 жылдары «Сеймар» инвестициялық тобының жоба жетекшісі, 2007-2011 жылдары «Дельта Банк» директорлар кеңесінің төрағасы, 2011-2013 жылдары «KNG Finance» ЖШС бас директоры, 2013-2020 жылдары «АТФБанк» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, 2018-2021 жылдары «Қазфосфат» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған.
Қазіргі қызметінде 2023 жылдың тамызынан бері.
101 жыл бұрын (1923-1988) кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сұлтанахмет Қоңырқожаұлы ҚОЖЫҚОВ дүниеге келді.
Тараз қаласында туған. Соғыстан оралғаннан кейін мерзімді басылымдарда карикатуралары мен саяси тақырыптағы суреттерін жариялай бастаған. Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссерлік факультетін бітірген соң, 1952 жылдан «Қазақфильм» киностудиясында режиссер, көркемдік жетекші болып істеген. 1955 жылы өзінің сценарийі бойынша, жас ұрпақ тәрбиесі мәселесін қозғайтын «Ана мен бала» атты тұңғыш көркем фильмін түсірген. Тарихи және заманауи тақырыптарда «Біз Жетісуданбыз», «Егер біздің әрқайсымыз», «Шыңдағы шынар» фильмдерін, 1970 жылы өзінің басты жұмысы – «Қыз Жібек» фильмін қойған. 1985 жылы Қажымұқан жайлы «Бізді танып қойыңдар» көркем фильмін түсірген.
«Қызыл Жұлдыз» орденімен және медальдармен марапатталған.
88 жыл бұрын (1936-2004) Қазақстанның саясат және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Төтенше және Өкілетті Елші Ерік Мағзұмұлы АСАНБАЕВ дүниеге келді.
Қостанай облысының Амангелді ауданында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), КСРО Ғылым және техника жөніндегі меммлекеттік комитеті жанындағы Халық шаруашылығын басқару институтын, Мәскеу қаржы инстититуының аспирантурасын бітірген.
1958-1959 жылдары Қазақ КСР Қаржы министрлігінің экономисі, 1959-1960 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің оқытушысы, 1960-1963 жылдары Мәскеу қаржы инстититутының аспиранты, 1964-1967 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Жоспарлау және нормативтік ғылыми-зерттеу экономикалық институтының бөлім меңгерушісі, 1967-1973 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің бөлім бастығы қызметін атқарған. 1973-1975 жылдары Қазақ КСР Қаржы министрінің орынбасары, 1975-1979 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің бөлім меңгерушісі, іс басқарушысының орынбасары, 1979-1983 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті сауда, жоспарлау және қаржы органдары бөлімінің, сауда және тұрмыстық қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі, 1983-1986 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі іс басқарушысының орынбасары, 1986-1988 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті ғылым және оқу орындары бөлімінің, экономика бөлімінің меңгерушісі, 1988-1989 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болды. 1989-1990 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы – Әлеуметтік-эконмикалық даму мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы, 1990-1991 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1991-1996 жылдары Қазақ КСР-інің вице-президенті, 1996-2000 жылдары Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымын атқарған. 2000 жылы зейнет демалысына шыққан.
«Құрмет белгісі», «Отан», екінші дәрежелі «Барыс» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
79 жыл бұрын (1945-2017) актер, Қазақстан Республикасының халық әртісі Құман Нұрмағанұлы ТАСТАНБЕКОВ дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Алматы мемлекеттік өнер институтын (Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) бітірген.
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері. Оның алғаш ойнаған рөлі – «Қыз Жібек» фильміндегі Төлеген. Бұдан кейін «Махамбет», «Ағам менің», «Ерекше күн», «Аққулар ұшып келеді», «Махаббат жаңғырығы», «Ағама арналған қалыңдық», «Қараша қаздар қайтқанда», «Провинциялық хикая», «Алаң шеті», «Өрнек» фильмдеріне түсті. Театр сахнасында Қасым, Құлбек (Ш. Айтматов «Ана – Жер-ана» мен «Ақ кемесі»), Әлібек, Нарша, Абыз, (М. Әуезов «Айман – Шолпан», «Қарагөз», «Еңлік – Кебек»), Тәңірберген (Ә. Нұрпейісов «Қан мен тер»), Жан (О. Бөкеев «Құлыным менің»), Айдар (М. Әуезов пен Л. Соболев «Абай»), Маздақ (М. Шаханов «Сенім патшалығы»), Орест (Л. Дюрко «Электра, сүйіктім менің»), Флоридор (Ф.Эрве «Түлкі Бикеш»), Фархад (Назым Хикмет «Фархад – Шырын») секілді әр алуан рөлдерді орындап, қызғылықты мінез-кейіптер жасады.
«Құрмет», «Парасат» ордендерімен, медальдармен марапатталған.