10 наурыз. Жылнама

Фото: Фото: Kazinform

Kazinform оқырмандарына 2023 жылғы 10 наурызға арналған күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1932 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы құрылды. 1962 жылы 3 мамырдан 1992 жылы 6 шілдеге дейін Шымкент облысы деп аталған. 1992 жылы облысқа бұрынғы Оңтүстік Қазақстан атауы қайтарылды. 2018 жылдан Түркістан облысы деп аталады. Облыс орталығы – Түркістан қаласы.

1932 жылы Ақтөбе облысы құрылды. Оның құрамына Орынбор, Қостанай, Қызылорда облыстарының бірқатар аудандары кірді. Ақтөбе облысы теңдессіз минералды-шикізат базасын иеленіп жатыр. Облыс аумағында Қазақстанның көмірсутекті шикізатының (мұнай, газ және газ конденсаты) 10 % барланған қоры және болжамды ресурстарының 30%, сондай-ақ республикадағы жалпы қордан отандық хромның барлық қоры, никель – 55%, титан – 40 %, фосфор – 34 %, мырыш – 4,7 %, мыс – 3,6 %, алюминий – 2%, көмірдің – 1,4 % жинақталған. Облыс орталығы – Ақтөбе қаласы.

2010 жылы Семейдің Жаңа тарихты құжаттандыру орталығының қызметкерлері Әзілхан Нұршайықовтың (1922-2011) осыдан 60 жылдай бұрын майданнан жазылған бірегей хатын тапты. Мұрағаттан хабарлағандай, өлеңмен жазылған хат «Майданнан жазылған хаттар» құжаттар топтамасынан табылып отыр. «Бірегей және құнды хатты біздің жерлесіміз, жазушы, соғыс ардагері Әзілхан Нұршайықов 1944 жылы Беларусь майданында шайқасып жүрген жылдары Жарма аудандық газетіндегі әріптестеріне жолдаған. Өлеңмен жазылған хатын ол «Біз Берлинге барамыз!» деп атаған. Аудандық газет қызметкерлері сақтауға тапсырған бұл құнды мұра кеңес дәуірінің тұсында ұзақ жылдар бойы Жарма аудандық мұрағатында сақталып келген, кейіннен ол Семейдің Жаңа тарихты құжаттандыру орталығына келіп түскен.

2010 жылы Душанбеде Қазақстан мен Тәжікстанның мәдениет және әдебиет байланыстарына арналған «Памир» журналының арнайы шығарылымы жарық көрді. Онда Қазақстанның танымал жазушылары мен ақындарының шығармаларынан, өлеңдері мен публицистикасынан үзінділер ұсынылды.

2011 жылы «Бір ел – бір кітап» акциясының ұйымдастыру комитетінің шешімімен 2011 жылы көпшіліктің оқуы үшін Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы таңдалды.

2012 жылы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Әзербайжанның түркі тілдес мемлекеттермен байланысын нығайтуға қосқан үлесі үшін Дүйсен Қорабайұлы Қасейіновті «Достлуг» орденімен марапаттау туралы өкімге қол қойды. Дүйсен Қасейінов – түркі тілдес елдер мен халықтардың мәдениеті саласындағы ынтымақтастықты нығайту және дамыту мақсатында құрылған ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы.

2014 жылы қазақстандық Айман Сағатова Ұлыбританияның Олдершот қаласында «Kazakhsha» тері көркемдік студиясын ашты. Оның жұмыстарында сармат, сақ тайпаларының, көшпенділер мәдениетінің элементтері көрініс тапқан.

2016 жылы француздық «Airbus Defence and Space» компаниясы мен «Ғалам» ЖШС Қазақстанға ғарыш аппараттары үшін күн датчиктерін өндіру технологиясын енгізуге кірісті.

2016 жылы танымал шоколатье Nikolya-ның бірегей жылжымалы шоколад музейі алғаш рет Астанаға келді. Ол көрмеге арнап Қазақстанға арналған туындылар топтамасын дайындап әкелді. Бұл – көне зергерлік бұйымдар, сондай-ақ Қазақстан аумағында тұрып жатқан халықтардың бас киімдері. Олардың барлығы Алматыда қазақстандық шоколадтан жасалған. Түпнұсқалары ҚР Орталық мемлекеттік мұражайының қорында сақталып отыр.

2017 жылы Рио-де-Жанейрода қоңыр белбеулер бойынша әлем чемпионы Арманжан Рузахунов Қазақстан және Орталық Азия тарихында алғаш рет бразилиялық джиу-джитсудан қара белбеу иегері атанды.

2018 жылы Қазақстан Республикасының азаматтары үшін Біріккен Араб Әмірліктеріне кіру визалары алынып тасталды. 2017 жылы ҚР және БАӘ азаматтарының өзара визасыз сапарлауы туралы хаттамаға қол қойылған болатын.

2019 жылы Солт-Лейк-Сити қаласында өткен Әлем кубогында Екатерина Айдова ел рекордын жаңартты. 1000 метрге жарысудан 1.13.7 уақыт көрсеткішін көрсетті. Бұл – қазақстандық спортшының ең үздік нәтижесі әрі Қазақстан рекорды. 2019 жылы Словенияда жүзуден әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарына іріктеу санатына жататын халықаралық турнир өтті. Дмитрий Баландин 50 және 200 метрге брасс әдісімен жүзуден чемпион атанды.

2020 жылы әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің орындауындағы жаңа қытайлық сериалдың саундтрегі Қытайдағы QQ MUSIC платформасында бірінші орынға ие болды.

2021 жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту аясында Қазақстанның Ирандағы Елшілігі «Қазақстан – Иран мәдени күні» салтанатты іс-шара ұйымдастырды. Гүлстан провинциясында қазақ халқының тарихи-мәдени ескерткіштері, яғни ақын әрі ғалым Сұлтан Үббі кесенесі (XII ғасыр, Сүлеймен Бақырғанидың үшінші ұлы), діни ұстаз әрі ғалым Шағұрбаттың мазары (XVIII ғасыр) және басқа қазақтарға қатысты қасиетті орындар бар.