10 пайыздық депозит өтемақысына бюджеттен 158 млрд теңге қарастырылған

АСТАНА. ҚазАқпарат – Теңге депозиттеріне 10 пайыздық өтемақы төлеу үшін бюджеттен 158 млрд теңге қарастырылған. Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлын Жамаубаев Үкімет кулуарында осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тиісті сома бюджетте қарастырылған – 158 млрд теңге. Қазір ондай салымшылардың санын нақтылау жұмыстары жүріп жатыр. Жуық арада төлеп береміз», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Еске салайық, 2022 жылдың аяғындағы дерек бойынша, 2 миллион қазақстандық теңгелік депозиттен өтемақы алуға келісім берген.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметі бойынша, 2 миллион салымшы банктерде өтемақы алуға келісімін растаған. Бұл теңгедегі депозиттерді қорғау бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін салымшылардың жалпы санының 39%-ы деген сөз. Олардың басым көпшілігі депозиттерінде ірі сомадағы қаражаты бар тұлғалар.