10 сәуір. Жылнама

Фото: Фото: Kazinform

Kazinform оқырман назарына 10 сәуірге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады. 

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық бауырлар, әпкелер күні

1998 жылдан бері аға-әпке, іні-қарындастар күні бүкіл әлемде атап өтіледі. Алғашқыда бұл мейрам АҚШ-та бастау алды. Кейіннен жер бетінің көптеген халықтарына тарап, Үндістан, Қытай, Еуропа, Африка елдеріне дейін жетті. Бұл мейрам отбасылық, туыстық тамырлар дәстүрлерін жалғастыру мен оларды насихаттауға шақырады.

Халықаралық қарсылық қозғалысы күні

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде (1939-1945) Үшінші рейх әскері басып алған аумақтардағы фашистерге қарсы күрескендердің барлығына арналған. Қарсылық қозғалысы неміс әскерлеріне қарсы тұрған оккупацияланған аумақтардың тұрғындарының қатысуымен ұйымдастырылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Жамбыл облысындағы Жуалы ауданының орталығы - Бурное ауылының атауы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен Бауыржан Момышұлы атындағы ауыл болып өзгертілді.

1996 жылы Алматыда Еуропалық комиссия өкілдігінің ресми ашылуы болды.

2002 жылы Қазақстан Республикасының аумағында «Космонавтика күні» сериясымен екі пошта маркасы айналымға шықты. 2002 жылғы 8-12 сәуір күндері аралығында Алматыға әлемдегі алғашқы ғарыш саяхатшысы Дэннис Тито сапармен келді. Ол маркалардың таныстырылымына арналған салтанатты шараға қатысуға ниет білдірді.

Бірінші маркада «Союз ТМ-32» экипажы ғарышкер-ұшқыш Талғат Мұсабаев, бортинженер Юрий Батурин мен Денис Тито бейнеленген. Марканың сол жақтағы астыңғы бұрышында «Союз ТМ-32» кемесінің эмблемасы және барлық ғарышкерлердің аты-жөні бейнеленген. Екінші марканың ортасында Жер планетасы және Қазақстаның, Ресейдің және АҚШ-тың желбіреген байрағы орналасқан.

2006 жылы Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің қолдауымен БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде Семей полигонында зардап шеккендерге арналған Еуропарламент депутаты Струан Стивенсонның «Мәңгілік қасірет» кітабы мен белгілі актриса Кимберли Джозеф фотокөрмесінің таныстырылымы өтті. Қазақстанда, оның ішінде Семей аймағында бірнеше рет болған С.Стивенсонға полигон проблемасына деген тұрақты қамқорлығы үшін «Семейдің құрметті азаматы» атағы берілген.

2008 жылы Ұлттық банктің орталық филиалына «2008 жылғы Олимпиада ойындары» сериясының коллекциялық шақасы келіп түсті. «Бессайыс» шақасы 925-сынамалы күмістен жасалған, салмағы - 31,1 грамм, номиналы - 100 теңге. Дайындалу сапасы - proof. Монетаның аверсінде Қазақстанның Елтаңбасы, футбол стадионы бейнеленсе, реверсінде бес спорттық ойынның көрінісі мен ойындар өткізілетін жылды білдіретін «2008» деген сандар бейнеленген. Шақаның құны - 5 мың теңге.

2012 жылы Қазақстанда «Kazakhstan Chosen Music Awards» (КСМА) ультражаңа музыкалық жобасы іске қосылды. Бірегей музыкалық сыйлық қазақстандық орындаушыларды халықаралық аренаға ілгерілетуге бағытталып отыр.

Сыйлық интернет және СМС-дауыс беру қорытындылары, халықаралық аудиторлық компанияның шешімімен, 27 номинация бойынша тағайындалады. Сыйлықтың лауреаты Азия, Африка, Еуропа, АҚШ-тың түрлі өңірлік аймақтарының музыканттарымен бірлескен композициялар жазу мүмкіндігін алады.

2014 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасында Қорғас өзенінде «Достық» бірлескен аралас гидроэлектрстанцияларын салу бойынша ынтымақтастық туралы келісім бекітілді. Бірлескен гидротехникалық қондырғылар оны тең дәрежеде иеленетін қатысушы мемлекеттердің меншігі болады.

2015 жылы Хельсинкиде фин тарапы Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тауып, Финляндия аумағында жерленген Қазақстан тумалары, тұтқында болған 268 адамның тағдыры туралы мәліметтерді ресми түрде жіберді.

2017 жылы Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Қытайдағы «Singer - 2017» байқауының оныншы кезеңінде қазақ-қытай тілінде орындаған «Ұмытылмас күн» әні «Азияның жаңа әндері» (Freshasia music) рейтингінде бірінші орынға шықты. Жаңа рейтингте Димаштың «Ұмытылмас күн» әні 118 400 ұпай жинап 1-орын алды.

2019 жылы Шри-Ланкада 18 жасқа дейінгі Азия чемпионатында қазақстандық шахматшылар 9 алтын, 3 күміс және 6 қола медаль жеңіп алды. Турнирге әлемнің 23 елінен 572 спортшы қатысты.

2019 жылы Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Қазақстанға арналған көркем көрме ашылды. Онда қазақстандық жас фотосуретшілердің - ҚР Тұңғыш Президенті Қорының гранттары мен ЮНЕСКО-ның «The Planet of ART-2018» халықаралық фестивалінің жас жеңімпаздарының суреттері көрсетілді.

2021 жылы Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушысы Абылайхан Мұхамеджанов «Ғарыштық объектілер мен аппараттардың жағдайын мониторингілеу жүйесі бар CubeSat стандартты наноспутник» жобасын жасады. Жобаның мәні ғарыш қоқысы мәселесін шешетін шағын көлемді нақты ғарыш аппаратын құру болып табылады.

2021 жылы қазақстандық спортшы Самат Айтпанбет Әбу-Дабиде (БАӘ) джиу-джитсудан әлем чемпионатының алтынын жеңіп алды. Ол қоңыр белбеу иелері арасында әлемдік біріншілікті жеңіп алған алғашқы жас қазақстандық болды.

2023 жылы грек-рим күресінен Азия чемпионатының екінші күнінде 72 келіге дейінгі салмақта жоғары дәрежелі медаль қазақстандық Ибрагим Магомадовқа бұйырды. Финалдық белдесуде қазақ балуаны ирандық қарсыласы Саид Али Именталабфуманиден мықты болып 5:2 есебімен жеңіске жетті. Осылайша Ибрагим Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтынды салды.

2024 жылы Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшісі Шахрат Нұрышев пен Макао Арнайы Әкімшілік ауданының Әкімшілік және Әділет хатшысы Чонг Вэн Чонг Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Макао арнайы әкімшілік аймағының Үкіметі арасындағы 2024 жылдың 1 сәуірінен 14-ші сәуіріне дейінгі мерзімге арналған келісімге қол қойды. Бұл Келісім елдер арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және туристік ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін берді.

2024 жылы Астанадан су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға 550 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді. Өңірлерге азық-түлік, жылытқыштар, қайықтар, генераторлар, күректер, сондай-ақ 400 мың қап балалар заттары, гигиеналық құралдар, шатырлар, төсек-орын жабдықтары, резеңке бұйымдар жіберілді. Астана қаласында ерікті қайырымдылық ұйымдарымен бірлесе 9 гуманитарлық көмек қабылдау пункті ашылды, оған 30 ерікті ұйым тартылды.

2024 жылы мұсылмандар Ораза айт мерекесін тойлады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жерлестерін қасиетті мерекемен құттықтады. Қасиетті Рамазан айында діндарлар жалпы адамзаттық құндылықтарға үлкен мән беріп, рухани тазаруға шын ықыласпен ұмтылады, мұқтаж жандарға көмек қолын созады, басқаларға қамқорлық көрсетеді. Отыз күн оразада сабырға, табандылыққа, ұстамдылыққа негізделген сауапты амалдар Ораза айттың шын мәнін ашады. Ата-бабамыздың дәстүрлі діні барша халықты бейбітшілік пен тыныштыққа, мейірімділік пен қайырымдылыққа, мейірімділік пен жасампаздыққа, адал еңбек арқылы лайықты табыстарға жетуге шақырады.