10 шілдеден бастап елдегі төрт ақылы автожолда орташа жылдамдық бақыланады

АСТАНА. KAZINFORM — ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы АҚ 10 шілдеден бастап республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жекелеген ақылы учаскелерінде көлік құралдарының орташа жылдамдығын бақылауды енгізеді.

Фото: pexels.com

Компанияның мәліметінше, бұл шара жол-көлік оқиғаларын азайтуға, жылдамдық режимін бұзудың алдын алуға және жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Орташа жылдамдықты бақылау екі бағытта келесі учаскелерде қолданылады:

  • Ақтөбе — Қандыағаш;
  • Алматы — Қорғас;
  • Көкшетау — Петропавл;
  • Астана — Теміртау, Аршалы — Ошағанды учаскесі.

— Жүйені енгізудегі басты мақсат — жазалау емес, жолдағы қауіпті әрекеттердің алдын алу. Тәжірибе көрсеткендей, жылдамдықты шамадан тыс арттыру ауыр жол-көлік оқиғаларына әкелетін негізгі факторлардың бірі болып қала береді. Орташа жылдамдықты бақылау жүйесі камера алдындағы бір реттік жылдамдықты ғана емес, жүргізушінің бүкіл жол учаскесіндегі нақты қозғалыс мәнерін анықтауға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Жүйе көлік құралының белгілі бір аралықты қандай жылдамдықпен жүріп өткенін есептейді. Мұндай тәсіл жүргізушінің тек камераның алдында ғана жылдамдықты азайтып, кейін қайтадан қауіпті деңгейге дейін үдетуіне жол бермейді.

ҚазАвтоЖол жылдамдық режимін бұзуды автоматты түрде тіркеу республикалық автожолдардағы апаттылықты төмендетуге бағытталған алдын алу шаралары аясында енгізіліп жатқанын мәлімдеді.

— Қозғалыс қарқындылығы жоғары ақылы учаскелерге ерекше назар аударылады. Себебі мұндай жолдарда жылдамдық режимін сақтау барлық жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді, — деп хабарлады компания.

ҚазАвтоЖол жүргізушілерді сапарды алдын ала жоспарлауға, «Ең жоғары жылдамдықты шектеу» жол белгілерінің талаптарын сақтауға және белгіленген жылдамдық режимін асырмауға үндеді.

Еске салайық, бұған дейін компания жолдардағы жаңа «ақылды» камералардың не үшін орнатылып жатқанын түсіндірген еді.