Бұл туралы бүгін фестивальге арналған арнайы баспасөз мәжілісінде белгілі болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, концерт кездерінде жиналған барлық қаржы, сондай-ақ, билеттерден түскен ақшаның жартысы Жапонияның Қазақстандағы Елшілігінің өкілдеріне тапсырылады.
Фестивальге «Night Jazz», «No Time», «ХО» және джаз мектебінің оркестірі «Almaty Youth Jazz Band» сынды қазақстандық джаз топтарымен қатар, АҚШ, Германия, Франция, Австрия, Түрік елдерінің «Shamarr Allen and Underdawgs» (АҚШ), «Das Kapital» (Германия), «Sibel Kose» (Турция), «Faib Fiction» (Австрия), «Didier & Francis Lockwood» (Франция) сынды танымал топтары қатысады.
Джаз мектебі «Almaty Youth Jazz Band» 2000 жылы құрылған. Қазіргі күні ол Орталық Азиядағы жастарға арналған жалғыз джаз мектебі болып отыр. Бүгінде мектепте оркестірдің үш құрамы бар. Оқушылар саны 150-ге дейін жеткен. Мектепке 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар келеді. Сондай-ақ, үлкендерге де есік ашық. Мектептің мақсаты - өсіп келе жатқан жастарға джаз әлемінен сабақ беру, тәрбиелеу және олардың өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру.
Джаз мектебінің директоры және Қазақстандағы джаз фестивалінің негізін қалаушы Тагир Зариповтың айтуынша, биылғы жылы көрші елдердің джаз топтары бұл фестивальге қатыса алмайды. Себебі, ол жақта да джаз фестивалі өтуде, - дейді.