10 жамбылдық «ҚХА жылының үздік қайырымды жандары» деп танылды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында «ҚХА - 20 ізгі іс» республикалық эстафетасы барысында рекордтық сомаға қайырымдылық көмегі көрсетілді, деп атап өтті ҚХА Жамбыл облыстық хатшылығының меңгерушісі Лариса Лысова, «Үлкен ел - үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасын жүзеге асыру қорытындылары туралы айта келіп.

«Үлкен ел - үлкен отбасы» жобасы ҚХА қызметін қайырымдылық орталығы, барлық қайырымдылық акцияларының үйлестірушісі ретінде жаңартуды да көздейді. - деп түсіндірді Л.Лысова. - Ассамблеядағы бұл жұмыс 2015 жылы басталды. «ҚХА-20 ізгі іс» эстафетасы барысында біздің облысымыздың өзінде 2 859 адамға 1,34 млрд. теңгеге тарта сомаға қайырымдылық көмек көрсетілді. Бұл республикадағы үздік көрсеткіштердің бірі».

Қайырымды жандардың І съезінде Жамбыл облысында 10 қайырымды адам лайықты марапаттарға ие болды. Жамбыл өңірінде олар «ҚХА жылының үздік қайырымды жандары» болып танылды.

«Бүгінде қайырымдылық қызметі «Мейірімділік керуені» және мұқтаж адамдарға қаржы жинау жөніндегі «Қоржын» акциясы ауқымында жалғасуда, - деп әңгімесін сабақтады Л.Лысова. - Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан жүрек әмірімен біздің акцияларымызға үн қосқандардың барлығына алғыс айтқым келеді және біреулер біздің көмегімізге мұқтаж екенін ұмытпауға шақырпамын. «Үлкен ел - үлкен отбасы» жобасын жүзеге асыру бойынша барлық жұмыстар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналады».