10 жасар қызының басын көлікке ұрған астаналық әйелдің үстінен іс қозғалды
«Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында әйелдің қызды көлікке сүйреп апарып, оны көлікке итеріп ұрғаны туралы бейнежазба анықталды. Іздеу нәтижесінде «Алматы» ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері видеодағы кейіпкерлерді тапты. Ол 52 жастағы елорда тұрғыны мен оның 10 жасар қызы болып шықты», - делінген ресми хабарламада.
Сондай-ақ, полиция департаментінің баспасөз қызметі видеодағы жайтқа қатысты әкімшілік іс қозғалғаны туралы хабарлады.
«Қазір ювеналды полиция қызметкерлері аталған әйелге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабына сай іс қозғады. Түпкі шешімді Астана қаласының кәмелетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қабылдайды», - дейді ведомстводан.
Айта кетсек, аталған видео желіде кеңінен таралып, талқыға түсіп жатыр.