10 желтоқсан. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 10 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

76 жыл бұрын (1945) Қазақстан Республикасының мемлекет және әскери қайраткері, Халық қаһарманы, армия генералы, ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Мұхтар Қапашұлы АЛТЫНБАЕВ дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. Армавир әуе қорғанысы жоғары әскери ұшқыштар училищесін (1977), Г.Жуков атындағы Әуе қорғанысы әскери академиясын (1985) бітірген.

Еңбек жолы: Кинель-Черкасск оқу-жаттығу авиация орталығының курсант ұшқышы (1965-1966); Киров атындағы (Қарағанды) шахтаның үңгушісі (1962-1969); Әуе қорғанысы авиациялық истребительдік полкының ұшқышы, аға ұшқышы, авиациялық истребителдік полкы авиациялық звеносының командирі, авиациялық эскадрильясы командирінің орынбасары, командирі, дивизия командирінің орынбасары, командирі (1969-1985); Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери академиясының тыңдаушысы (1982-1985); Әуе шабуылына қарсы қорғаныс дивизиясы командирінің орынбасары (1985-1988); Әуе шабуылына қарсы қорғаныс дивизиясының командирі (1988-1992); Әуе шабуылына қарсы қорғаныс корпусының командирі – Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің орынбасары (1992-1993); Қазақстан Республикасы Әскери әуе күштерінің қолбасшысы (1993-1996); Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі (1996-1999); Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшысы (1999-2001); Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі (2001-2007); Қазақстан Республикасының қорғаныс министрінің міндетін атқарушы (17.06.2009-25.06.2009); Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Штаб басшылары комитетінің төрағасы (2007-2010); Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты (2010-2017).

2019 жылдың қыркүйегінен бастап қазіргі қызметінде.

ІІІ дәрежелі «КСРО Қарулы Күштерінде Отанға қызмет еткені үшін» (1978), ІІ дәрежелі «Барыс» (2003), «Халықтар достығы» (РФ), ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясы Достастығы (2015) ордендерімен; «Халық Қаһарманы» алтын жұлдызымен, «Отан» орденімен, ҚР және шет мемлекеттердің көптеген медальдарымен наградталған.

61 жыл бұрын (1960) Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті Басқарма төрағасы – ректоры Мұрат Қойшыбайұлы ТЕЛЕУОВ дүниеге келген.

Ақтөбе облысында туған. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын (1978); Н.И. Пирогов атындағы Мәскеу мемлекеттік медицина институтын (1984); КСРО АМН ДҒО хирургия бойынша мақсатты клиникалық ординатураны (1991); «Қайнар» университетін (2008) тәмамдады.

Еңбек жолы: Ақтөбе облысының Алға аудандық орталық ауруханасының хирург дәрігері (1984 – 1988); Ақтөбе облысының Алға аудандық орталық ауруханасының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстары жөніндегі бас дәрігер орынбасары (1991-1993); А.Н.Сызғанов атындағы Ғылыми Хирургия орталығының аға ғылыми қызметкері (1993-2000); Денсаулық сақтау істері жөніндегі ҚР агенттігінің бас хирургы, Емдеу-профилактикалық жұмыстар департаментінің хирургиялық көмекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы (2000-2001); Семей мемлекеттік медицина академиясының ректоры (2001-2007); «Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығының» бас директоры, Астана қ, (2008-2009); Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің ректоры (2009-2011); ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры (2011-2013); Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық медициналық орталығы» ШЖҚ РМК-ның (ОМО) директоры (2013-2015); Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің экономика мәселелері жөніндегі ректор кеңесшісі, №1 хирургиялық аурулар кафедрасының меңгерушісі (2015-2017); Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің ұйымдастыру-экономикалық жұмыстар жөніндегі проректоры, атқарушы директоры (2017-2019); «Қарағанды медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қоғамдық денсаулық сақтау және кәсіби денсаулық институтының директоры (02.2019-04.2019).

Қазіргі қызметінде – 2019 жылдың мамырынан бастап.

Мерейтойлық «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» (2005), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005) ; ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2002), ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау үздігі» (2010), ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» (2012) төс белгілерімен марапатталған.

49 жыл бұрын (1972) «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» мемлекеттік мекемесінің директоры Бақытжан Берікбайұлы ТЕМІРБОЛАТ дүниеге келді.

1998 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды «Саясаттану» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1998 жылдан 2007 жылға дейін – ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында және Президент Әкімшілігінде түрлі қызметтер атқарған; 2007 жылдан 2018 жылға дейін – ҚР Президенті Кеңсесі басшысының орынбасары. 2019 жылдан 2021 жылға дейін – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Жауапты хатшысы.

Қазіргі қызметінде – 2021 жылдың қаңтар айынан бастап.

«Құрмет», «Парасат» ордендерімен, мерейтойлық медальдармен марапатталған.