10 жоғары оқу орны мен 10 колледж анықталды
Бейіндік министрліктің таратқан мәліметтері бойынша, 2015 жылдың соңына дейін жалпы құны 600 млрд. теңгені құрайтын 80 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған. Жаңа жобалардың қатарында Павлодар облысындағы Бозшакөл кен-байыту комбинаты, Алматы облысындағы шойын балқыту өндірісі, Батыс Қазақстан облысындағы К5 экокласындағы қозғалтқыш майын шығару кәсіпорындары бар. Әрине, аталған кәсіпорындарға сапалы, білікті мамандардың қажет екені даусыз. Атап айтарлығы, Білім және ғылым министрлігі ҮИИДБ-2-нің нысандарына қажетті мамандарды дайындайтын жоғары оқу орындары мен колледждердің тізімін жасады. Инвестициялар және даму министрлігі хабарлағандай, 2015-2019 жылдары елімізде 257 республикалық және өңірлік жобалар жүзеге асырылады, оларға 46,6 мың маман қажет.
Бұл мамандарды кім дайындайды? Ағымдағы жылдың 24 тамызында Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Білім және ғылым министрлігінің өкілдері кәсіптік-техникалық білім беру саласында «Кәсіпқор» холдингі мен Қазақстандағы 10 колледждің арасында даму жөніндегі келісімдерге қол қойылғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, ҮИИДБ-2-нің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін «Кәсіпқор» холдингінің білім беру бағдарламасын сәтімен енгізу туралы ұсыныстар әзірленген. Осы ұсыныстардың негізінде халықаралық тәжірибе мен индустрияландыру талаптарын ескере отырып, 8 білім беру бағдарламасы дайындалды. 2017-2018 жылдары жұмыс берушілердің қатысуымен тағы 16 бағдарлама енгізіледі. Аталған бағдарламаларды 2 колледж биылдан бастап, қалған 8-і 2016 жылдан бастап білім беру үдерісіне енгізеді. Айта кетелік, таңдап алынған 10 колледждің 6-уы - Дүниежүзілік банктің қарызы есебінен жүзеге асырылатын «Техникалық және кәсіптік білім беруді жетілдіру» жобасының грант иегерлері. Осы жоба аясында колледждер жалпы сомасы 425 млн. теңгеге құрылғылармен жабдықталды.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл 90-нан астам инженер-педагог мамандар жаңа оқыту технологиясы мен заманауи менеджмент бойынша өздерінің біліктілігін көтереді. ҮИИДБ-2-ге маман дайындайтын колледждердің 30-дан астам ұстаздары мен өндірістік оқыту шеберлері жаңаша оқыту технологиясы бойынша шетелдік орталықтарда біліктілігін арттырады. Индустрияның қажеттіліктерін ескере отырып, 2016-2018 жылдары кәсіптік-техникалық білім беруге 400 орын көлемінде мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа жыл сайын 135 млн. теңге керек екен. Ал жоғары және одан кейінгі білім беру саласында жобаларды қазіргі заманға сай мамандармен қамтамасыз ету инновациялық білім беру бағдарламасын енгізуге және жаңа зертханалық құрылғыларды оқытуға негізделеді. Қазірдің өзінде базалық жоғары оқу орындарында 24 жаңа бағдарлама жасалып, 24 жаңа зертхана құрылған. Қаражат мәселесін оң шешу үшін, зертханаларды құруға 10 млрд. теңге бөлу қарастырылған. Соның ішінде, 2015-2016 жылдарға - 3 млрд. теңге, 2017 жылға - 4 млрд. теңге бөлінеді. Сондай-ақ, білім беру бағдарламаларын жасауға 2015-2017 жылдарға бюджеттен жылына 962,1 млн. теңге бөлу жоспарланып отыр. Атап айтарлығы, 2015-2016 оқу жылынан бастап базалық жоғары оқу орындарында ҮИИДБ-2-нің шеңберінде магистранттар жаңа бағдарлама бойынша оқиды. Биыл бейіндік магистратура бойынша 1900 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінген. Ең бастысы, Білім және ғылым министрлігі 2017 жылдың соңына дейін базалық университеттер мен колледждердегі инфрақұрылым мен материалдық-техникалық базаны дамытуды аяқтайды.