10 жылда ауыл шаруашылығы техникасының паркі толық жаңартылмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат –10 жылда ауыл шаруашылығы техникасының негізгі паркі толықтай жаңартылмақ. Бұл туралы таратылған Мәжілістің 7-шақырылым депутаттары сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы негізгі мақсат - 5 жылдың ішінде ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру. 2021 жылы агроөнеркәсіп кешеніндегі ең өнімділігі саладағы 1 жұмысшыға 3 350,7 мың теңгені құрады. Соңғы бірнеше жыл бой тұрақты өсім байқалады. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттырудң негізгі өлшемшарты – саланы техникалық және технологиялық қайта жабдықтау, өсімдік шаруашылығында құнарлықты және мал шаруашылығында өнімділікті арттру», - деді Премьер-Министр жауабында.

Үкімет басшысының дерегінше, өсімдік шаруашылығын дамытуды мемлекеттік қолдау ұлғайтылды. Тыңайтқыш құнын субсидиялау көлемі 5 жылда 1,8 есе, 21,7 млрд-тан 38,5 млрд теңгеге дейін, пестицидтерге 1,6 есе, 26,3 млрд-тан 41,6 млрд теңгеге деін арттырылды. 2022 жылы тұқым шаруашылығын қолдауға 10,7 млрд теңге бөлінді.

«2022 жылы 172,9 млн теңге сомаға 6 806 техника лизингке берілді. Өткен жылы ауыл шаруашылығы техникасы парқын жаңарту деңгейі 4,3 пайыз болды. Бұл ретте жыл сайын жоспарлы 6,7 пайыздық жаңартуға қол жеткізу 10 жылдың ішінде ауыл шаруашылығы техникасының негізгі паркін толықтай жаңартуға мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.