10 жылдан соң Қазақстан «ғарыш туристерінің» айлағына айналады

АСТАНА. 18 сәуір. ҚазАқпарат - 10 жылдан соң Қазақстан «ғарышты бағындырғысы келетін» туристердің айлағына айналуы мүмкін.

Бұл туралы бүгін Назарбаев университетінің студенттерімен кездесуі барысында атақты француздық ғарышкер Жан-Пьер Эньере айтты.

Оның айтуынша, Қазақстан - ғарыш туризмінің алғашқы қарлығашы.

«2020 жылы ғарышқа ұша алатын ұшақтарда бәсекелестік күшеюі ықтимал. Неге мен Еуропада басталған бастама туралы Астанада айтып отырмын? Себебі мен бұл тақырыпты Қазақстанға тікелей байланысты деп есептеймін», - дейді ол.

«Сіздерде оның жүзеге асуына барлық жағдайлар жасалған. Сондықтан мұндай нұсқалар қарастырылуда. Оған зымыран айлағы керек болмайды, ұшақтың ұшыру алаңы болса жеткілікті. Ашық ғарыш кеңістігінде болғысы келетіндердің саны көп. Қазақстан туристердің ғарышқа аттана алатын орны бола алады. Бас кезінде тек байлар ұшуға ниет танытатыны анық. Бұл елдің туристік тартымдылығын жоғарылатады. Кейін сіздер осы салада білім беру қызметін бере аласыздар», - деп түйіндеді сөзін ол.    

NASA өз қызметінің рентабельділігін арт­тырудың көзі ретінде ғарыш туризмін және жапсарлас ұйымдар арқылы ғарыш айлағына қызмет көрсетуді қарастырып отыр. Қазір мұндағы танымал туроператор - Ричард Брэн­сонның Virgin Galactic-і. Таяуда ол SpaceShipTwo туристеріне арнайы транспорт әзір­леп берген. Бұл аппараттың паркі 10 жылдан кейін 40-45 туристі орбитаға алып шыға алады. Осыдан кейін Virgin Galactic күніне үш-төрт ракетапланмен туристер тасымалдайтын бола­ды. Ал билеттің құны ол кезде 200 000 дол­ларды құрауы тиіс.

Еске сала кетейік, 2001 жылы 28 сәуірде америкалық биз­нес­мен Деннис Тито «Байқоңыр» айлағынан «Союз» ғарыш кемесі арқылы көк­ке көтеріліп, алғашқы ғарыш туристі атанған еді. Бұл «СоюзТМ-32» экипа­жы құра­мын­да ресейлік ғарышкер Юрий Батуринмен қатар, жерлесіміз Талғат Мұсабаев та бар болатын.