«100 аурухана» жобасын жалғастыруға үшжылдық бюджеттен 71,4 млрд. теңге қарастырылды

АСТАНА. 20 ақпан. ҚазАқпарат  - 2012-2014 жылдарға арналған үшжылдық бюджеттен «100 аурухана» жобасын жалғастыруға 71,4 млрд. теңге қарастырылды.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова осылай мәлім етті.

Баяндама барысында Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жүктеген нақты тапсырмаларына тоқталған министр Салидат Қайырбекова, қазіргі уақытта Елбасы тапсырмаларын сапалы орындау үшін барлық шаралар қамтылып отырғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы тарапынан айтылған әділ сынның бірі «100 аурухана құрылысы» жобасын жүзеге асырудағы олқылықтарға қатысты болатын. Біз ондай кемшіліктерді түзетуге кірісіп жатырмыз. Нақтырақ айтсақ, «100 мектеп пен 100 аурухана құрылысы» жобасы аясында денсаулық сақтаудың 103 нысаны қарастырылған еді. Оның 99-ы жергілікті, 4-еуі республикалық деңгейде болатын. 2012 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша аталған 99 нысанның 59-ында құрылыс толығымен аяқталды», - дейді министр. Оның айтуынша, бекітілген үшжылдық бюджетте «100 аурухана» жобасын жалғастыру үшін 71,4 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде жергілікті деңгейдегі нысандарға 62,6 млрд. теңге бөлініп отыр.

«Осылайша 2012-2014 жылдары және одан кейінгі кезеңде денсаулық сақтау саласының 40 нысанын аяқтау күтіледі. Оның ішінде 2012 жылы - 9, 2013 жылы - 10, 2014 жылы - 2 нысан, ал 23 нысан одан кейінгі жылдары қарастырылады», - дейді министр С. Қайырбекова.