«Қала да тірі ағза сияқты үнемі өзгеріп, заманмен бірге жаңарып отырады. Бұл ретте Астана қысқа уақыттың ішінде әлемге танымал, барша халық мақтан тұтатын қалаға айналды. Қазір елордамызды жайлы қалаға айналдыру жұмыстары жүріп жатыр. Сол үшін де бүгін сіздермен бірге қалада жауынға байланысты туындайтын мәселелердің тиімді жолдарын талқылайтын боламыз», - деп атап өтті конференция жұмысын ашқан қала әкімі Әсет Исекешев.
Сонымен қатар ол әрбір бағытта үздік технологиялық шешім әзірлеу үшін әлемнің алдыңғы қатарлы тәжірибесін ескере отырып, тақырыптық жоспарлар әзірленетіндігін атап өтті.
«Халықаралық байқаулар ұйымдастырылады әрі біз міндетті түрде оған үздік компанияларды тартатын боламыз. Сол себепті жоспарланған шешімдердің ауқымдығын ескерер болсақ,Астана отандық және шетелдік компанияларға өздерінің технологияларын көрсетуге және біздің жобаларымызды жүзеге асыруға қатысуға бірегей мүмкінідк жасайды. Біз көптеген жобаларды мемлекеттік-жеке серіктестік негізінде жүзеге асырамыз. Бізге 100-ден астам компания өз технологияларын таныстырады», - деді қала басшысы.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Астана қаласының әкімдігі халықаралық институттар, инженерлер, сарапшылар топтарымен бірлесіп су тарту мәселелерін кешенді түрде шешу үшін нөсер кәріз жүйесін ары қарай дамыту бағдарламасын әзірлеуде.