Десанттық дайындыққа барлығы 120-дан астам әскери қызметші қатысты. Оның ішінде 100-ден аса мерзімді әскери қызметші алғаш рет парашютпен секірді.
Десанттау Ми-17 тікұшағынан 800 метр биіктіктен жүзеге асырылды. Жерге қонғаннан кейін әскери қызметшілер бөлімшелердің десанттан кейінгі іс-қимылдарын пысықтай отырып, тактикалық нормативтерді орындауға кірісті.
Алғашқы секірудің алдында әскери қызметшілер әуе-десант даярлығының толық курсынан өтті. Арнайы оқу-жаттығу кешенінде олар әуе кемесінен шығу тәртібін, парашютті басқаруды, жерге дұрыс қону тәсілдерін және төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету алгоритмін меңгерді. Дайындықтың соңғы кезеңінде қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша бақылау нұсқамасы өткізілді.
— Әрбір секірудің алдында жан-жақты дайындық жүргізіледі. Әскери қызметшілер теориялық білімді де, практикалық дағдыларды да толық меңгеруі тиіс. Өйткені десанттаудың қауіпсіздігі олардың сауатты іс-әрекетіне тікелей байланысты. Тек даярлық бағдарламасын толық әрі сәтті аяқтағаннан кейін ғана жеке құрамға парашютпен секіруге рұқсат беріледі, — деді 32363 әскери бөлімінің әуе-десант даярлығы бөлімінің аға офицері, гвардия майоры Данияр Әбдірахманов.
Алғашқы дербес секіру жас десантшылар үшін кәсіби қалыптасудың маңызды кезеңіне айналды. Игерілген машықтар практикалық сабақтар мен тактикалық даярлық барысында жетілдіріліп, әскери қызметшілердің жауынгерлік міндеттерді орындау дайындығын күшейте түседі.
Әуе-десант даярлығы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлік даярлығындағы негізгі бағыттардың бірі болып саналады. Ол әскери қызметшілердің төзімділігін, психологиялық орнықтылығын, өз күшіне деген сенімін қалыптастырып, кез келген күрделі жағдайда тиімді әрекет ету қабілетін дамытады.
Бұдан бұрын Қазақстан десантшылары 26 жылдық белесті бағындырғанын жазғанбыз.