Жобаның мақсаты — өнер арқылы өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, туған жерге деген құрметті арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ел бірлігін насихаттау.
Бейнежобаның көркемдік желісінде өнер мектебінің домбыра сыныбында оқитын өзге ұлт өкілдерінің Отан туралы диалогы көрініс тапқан. Олар ортақ шаңырақтың қадірі мен Қазақстанда өмір сүретін түрлі этнос өкілдерін біріктіретін басты құндылық — Отан туралы ой қозғайды.
Диалогтан кейін жоба ұлттық өнердің құдіретімен жалғасады. № 2 Өнер мектебінің 100-ден астам домбырашы оқушысы қазақ халқының рухын, ұлттық болмысы мен елдік мұратын айшықтайтын «Ер Тұран» күйін орындайды. Күйдің күмбірлеген үні арқылы жас өнерпаздар халқымыздың бай музыкалық мұрасын ұлықтап, ұлттық рухты асқақтатады.
Сонымен қатар 20-ға жуық жас суретші өз шығармашылығы арқылы Қазақстанға деген сүйіспеншілігін білдіреді. Олар еліміздің табиғатын, туған жердің сұлулығын, бейбіт өмір мен жарқын болашаққа деген сенімді бейнелейтін туындылар ұсынады.
Музыка мен бейнелеу өнерін тоғыстырған бұл жоба жас ұрпақтың туған елге деген құрметін өнер тілімен жеткізетін шығармашылық бастамаға айналды.
Республика күні — мемлекеттілігімізді айшықтап, елдігімізді бекемдейтін, ортақ Отанымызға деген мақтаныш сезімін нығайтатын мереке. «Біздің үн — ОТАН» бейнежобасы осы құндылықтарды жас ұрпақтың өнері арқылы дәріптеуге бағытталған.
Айта кетейік, Республика күні қарсаңында Астананың барлық мектебінде оқушыларға арналған бірыңғай сынып сағаттары ұйымдастырылды. Сабақтарда ел тарихы, егемендіктің маңызы мен ұлттық құндылықтар туралы айтылды.