Мүгедектер арбасында отырған Елдос анасымен бірге Талдықорған қаласында оңалту оралығын ұйымдастырған.
«Біз анамыз екеуіміз Талдықорғанда оңалту орталығының жұмысын бастадық. Сонымен бірге, «Болашақ» стартапы арқылы «Алакөл Асар» демалыс базасын аштық. Бүгінге дейін 300 адам оңалтудан өтіп, оның ішіндегі 50-60 адам таяқпен жүре бастады. 100-ге жуық адам өздігімен қозғалуды үйреніп, өз-өзіне қызмет көрсетуді үйренді», - дейді Елдос.
Белсенді жас жігіт мұнымен тоқтап қалмай, кезекті мәрте пайдалы жобаны бастап кетіпті.
«Біз биылғы жылдың сәуір айында «Автоеріктілік» атты жобаны бастадық. Бұл - мүгедек жандарға көрсетілетін қайтарымсыз көмек. Біз оларға көлікті қайырымдылық негізде тапсырамыз», - дейді ол.
Оңалту орталығын облыстық билік қаржыландыруда.
Елдос Баялышбаевтың пайымдауынша, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына шынында да, бірегей адамдар енген.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы туралы айта отырып, өзімнің айналамда өте мықты жандарды көріп отырғаныма шын жүректен қуанамын. Олардың өмірлері шынында да, үлгі тұтарлық. Еңбегімнің жоғары бағаланып жатқанына ризамын», - дейді Елдос.
Еске сала кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «100 жаңа есім» жобасының 102 жеңімпазымен кеше кездескен болатын. Қазақстанның туын биікке көтерген спортшылар мен ақ халатты дәрігерлер, меценаттықпен көзге түскен белді кәсіпкерлер мен ғалымдар, мәдениет пен қоғамдық салада ел аузында жүрген азаматтар Елбасының жылы лебізіне бөленді.