100 есім: Балалар дәрігері ата-аналарға арнап мектеп ашты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Балалар дәрігері және реабилитолог Латиф Парпиев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушысы атанды. Төрт жыл бойы балаларды оңалтумен айналысып келе жатқан дәрігер волонтер және «28 петель» халықаралық қайырымдылық клубының вице-президенті болып жұмыс істейді. Латиф Парпиев балаларды қалай емдейтінін және ол құрған жобалардың миссиясы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігердің айтуынша, қордың жұмысы Қазақстанда ғана емес, шетелде де насихатталып келеді.

«2019 жылы балалар мүгедектігі мен шала туған балалар арасындағы мүгедектікті зерттей отырып, жаңа бағыт ашуға шешім қабылдадым. Мүгедектігі бар балаларда пайда болатын барлық асқынулардың сипаты бір – бәрінің бірдей бұлшықет тобы зақымдалады. Ересек кезеңде – мәселен екі жастан кейін балаларды емдеу қиындайды. Сондай-ақ, балаларды ерте диагностикалау бойынша мамандар жетіспейді, орталық жүйке жүйесі тарапынан қате диагноздар қойылады», - деп атап өтті дәрігер журналистермен сұхбатында.


Латиф Парпиев «Реанимация жағдайында балаларды ерте оңалту», «Жаңа туған нәрестелер патологиясы жағдайында балаларды ерте оңалту» және «Ата-аналарға арналған мектеп» атты жаңа жобаларды ашқан.

Спикердің айтуынша, олардың негізгі мақсаты – балалар арасындағы мүгедектікті азайту, кейінірек туындауы мүмкін асқынуларды азайту.

«Бір жарым жылдан бері басқа қалаларға барып, дәрігерлерді тегін оқытамын және оң нәтижелері байқалып келеді. «Ата-аналарға арналған мектеп» жобасында алғаш рет балалы болғандар балаға күтім жасауды, отырғызуды, жүргізуді үйренеді. Әлеуметтік желілерде физикалық даму кезеңдерін көрсететін арнайы бейнематериалдар бар», - деп түсіндірді Л. Парпиев.


«28 петель» клубы 2012 жылдан бері 12 елде жұмыс істейді және 150 қаланы қамтиды. Дәрігердің айтуынша, 2,5 мыңнан астам ерікті киім тоқып, оларды перинаталдық орталықтарға өткізеді. Ал «Балаларды ерте оңалту» және «Ата-аналарға арналған мектеп» жобалары 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді.


«Оңалтуда әр түрлі емдер қамтылады. Әр балаға жеке бағдарлама таңдалады – кинезотерапия, массаж, түзету емі, жаттығу терапиясы. Диагнозға байланысты арнайы емдеу курстарын таңдаймыз. Мысалы Церебральды сал ауруы немесе неврологиялық аурулары бар балалармен ұзақ жұмыс істеу керек - бір курс емес, 20-30 курсқа созылады. Мысалы, маған төрт жасар бала келеді, оны аяққа тұрғызғанша 36 оңалту курсынан өттік», - дейді дәрігер.

Сонымен бірге, Л. Парпиев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысу туралы айтып берді.

«Мені жобаға ұсынғаны туралы кеше кешке естідім. Әрине, қуандым. Екінші жағынан, бұл жобаға қатысу осындай диагнозы бар балаларға, олардың ата-аналарына көбірек пайда әкеледі деп ойлаймын. Көптеген балалар оңалтуды ала алмайды, өйткені ата-аналар бұл туралы білмейді. Егер олар мені осы жобада жеңімпаз етіп таңдаса, адамдар көбірек хабардар болар еді және одан да көп балаларды құтқаруға болады. Ең бастысы – балаларға көмектесу», - деді Л. Парпиев.