100-ге жуық шетелдік БАҚ өкілдері қазірден-ақ кезектен тыс президенттік сайлауға байқау жүргізе алады - ҚР ОСК

АСТАНА. ҚазАқпарат - 100-ге жуық шетелдік БАҚ өкілдері қазірден-ақ кезектен тыс президенттік сайлауға байқау жүргізе алады. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсенбаев мәлім етті.

«Қазіргі уақытта біз ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, еліміздегі сайлауды халықаралық байқаушылар институтын аштық», - деді ол.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта халықаралық байқаушылардың басым бөлігі дайындық үстінде.

«Яғни, сәйкесінше құжаттарын, басқа да шараларды рәсімдеу үстінде. Дегенмен, бізде ҚР Сыртқы істер министрлігі деңгейінде аккредиттелген шамамен 100-ге жуық шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар. Заңға сәйкес, аталған журналистер елімізде аккредиттелгендіктен, бүгін-ертеңнен бастап-ақ сайлау барысын халықаралық деңгейде байқауға кірісе алады. Ешқандай шектеу жоқ», - деді М.Сәрсенбаев.

Оның сөзіне қарағанда, Орталық сайлау комиссиясы ЕҚЫҰ, ТМД желісі арқылы келетін байқаушыларды тіркейді.