«100 қадам» аясында жүктелген энерготиімділікті қамту үшін заңнамаға өзгерістер енгізу көзделеді - А.Рау

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «100 қадам» Ұлт жоспары аясында елімізде энерготиімділікті қамту үшін заңнамаға өзгерістер енгізу көзделеді. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Энергия тиімділік саласына стратегиялық инвесторлар тарту» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау осылай мәлім етті.

«Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 59-шы қадамы бойынша энерготиімділік саласына инвесторлар тартуды дамыту жүктелген болатын. Қазіргі таңда осы бағытта біз германиялық энергетикалық агенттікті стратегиялық әріптес ретінде айқындап отырмыз. Бұл агенттіктің энерготиімділік саласында тәжірибесі өте зор. Біз осы институтпен әріптестік туралы келісімшарт жасадық, енді олар бізге энергосервистік компаниялар тартуға жәрдемдесетін болады», - деді Альберт Рау.

Оның айтуынша, «100 қадам» бойынша энерготиімділік шараларын жүзеге асыру мақсатында заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізу көзделеді. Атап айтқанда, бюджеттік, табиғи монополияларды реттеу туралы заңнамаларға өзгерістер күтіледі.

«Қарапайым тілмен түсіндірсек, бүгінгі күні еліміздегі бір мектепті жылыту үшін маусым барысында айына миллион теңге қажет етіледі. Ал ертең энергосервистік компания келіп, энергия үнемдейтін қазандық орнатады делік. Ол қазандық айына 800-900 мың теңгені қажет етуі мүмкін. Бұл жерде бюджеттен мектепті әлгіндей қаржыландыру жалғаса береді де, есесіне қалдық қаражат энергия үнемдеумен айналысатын компанияға беріледі. Міне, бюджеттік заңнамада осындай өзгерістер орын алмақ», - деді вице-министр.

Бұдан бөлек, энергия шығыны үлкен болып табылатын коммуналдық секторға да осы тақылеттес өзгерістер енгізілмек. Атап айтқанда, коммуналдық қызметтер тарифіне инвестициялық құрамдастар енгізіледі, яғни үнемделген қаражат инвесторлар қалтасына түседі деген сөз. Түйіндей айтқанда, энерготиімділік бойынша бюджетке де, табиғи монополия субъектісіне де салмақ түспейді, оны инвестор көтереді. Есесіне, инвестор үнемдеуді нақты атқарып, үнемдеуден қалған қалдық қаражатты өзі иеленіп отырмақ.