Осы тұрғыда «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 50-қадам «Электр энергетикасын қайтадан құру», «Бірыңғай сатып алушы» моделін бекіту» міндеттерін көздейді. Бұл өңірлер арасындағы электр энергиясының әртүрлі тарифтерін реттеуге мүмкіндік береді.
Жасыратыны жоқ, электр энергиясы түрлерінің тарифтері барлық жерде бірдей емес. Осыған орай, тұтынушылар тарапынан тарифтердің жиі өзгеріске ұшырауына байланысты наразылықтар туындауы ықтимал. Сондықтан, мұндай олқылықтарға жол бермеу мақсатында электр энергетикасы саласын ұлғайта отырып, «Бірыңғай сатып алушы» моделі енгізілгені жөн. Қазіргі таңда электр энергетикасы саласын қайта ұйымдастыру аясында ҚР Энергетика министрлігі салаға инвестициялар тартуды ынталандыратын жаңа тарифтік саясатты енгізу жұмысын жүргізуде. Қуат өндіретін ұйымдардың арасында бәсекелестікті дамыту үшін электр қуатын сатып алу орталықтандырылған сауда-саттық арқылы жүргізілетін болады. Сонымен қатар, қуатты сатып алу ісімен Есептік-қаржы орталығы - Тікелей ұзақ мерзімді шарттар жөніндегі бірыңғай сатып алушы айналысатын болады. Бұл инвесторларға жаңа жинақтаушы қуаттарды салуға және жұмыс істеп жатқандар нысандарды кеңейтуге кеткен салымдарын қайтару кепілдіктерін алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, 51-қадамда «Өңірлік энергетикалық компанияларды (ӨЭК) ірілендіру» мәселесі қойылған. Бұл міндетті іске асыру энергиямен қамтамасыз етудің сенімділігін артырады, өңірлерге электр энергиясын таратудың шығынын төмендетеді, тұтынушылар үшін электр энергиясының ақысын азайтады. Осының өзі тұтынушы тілегіне сай келетіні талас тудырмайды.
Ал, Ұлт жоспарындағы 52-қадам «Электр энергетикасы секторында салаға инвестиция тартуды ынталандыратын жаңа тариф саясатын енгізу» деп аталады. Әрине, тариф құрылымы өзгертуді талап етеді. Тарифтерде 2 құрылушы ерекшеленетін болады: күрделі шығындарды қаржыландыру және электр энергиясы өндірісінің ауыспалы шығындарын жабу үшін пайдаланылатын электр энергиясы үшін төленетін ақы белгіленеді. Бұл шығынды өтеу әдісі бойынша тарифтерді бекітетін қазіргі ахуалды өзгертуге мүмкіндік береді.
Көріп отырғанымыздай, ел экономикасын ілгері дамытудың басты тегершігіне айналған электр энергетикасын оңтайландыру жолдары баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекеттің Ұлт жоспарында осылайша көрініс тапқан. Ендігі міндет - осы шараларды дәйектілікпен іс жүзіне асыру.