Оның айтуынша, ҚР Президентінің «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 19-қадамы аясында судьялардың жаңа этикалық кодексін әзірлеу тапсырылған. Мұндай Кодекстің қабылдануы арқылы азаматтар судьялардың іс-әрекеттеріне байланысты Жоғарғы Сот жанындағы сот жюриіне шағым тастай алады.
«Судьялардың Этикалық кодексінде судьяларға Президент, халық тарапынан қойылған талаптардың барлығы ескерілген. Кодекс Бангалор принципі мен ең үздік халықаралық тәжірибенің негізінде жасалады. Судьялардың жаңа кодексі судьялардың кезектен тыс жетінші съезінде қабылдау жоспарлануда. Ол биыл маусым айында өткізіледі. Бұл кодекстің жобасы дайын», - деді Бағлан Мақұлбеков тілшімізге берген сұхбатында.
Сонымен қатар, оның мәлім еткеніндей, Жоғарғы Сот жанындағы Сот жюриі азаматтардың судьялар мен судьялық корпустың іс-әрекетіне қатысты арыздарын қарайды.
«Ұлт Жоспарының 19-шы қадамында азаматтар судьялардың әрекеттері бойынша еліміздің Жоғарғы Сотының жанынан құрылған арнайы сот алқасына шағымдануы туралы айтылған. Осы шараны жүзеге асыру үшін 2015 жылдың 4 желтоқсанында «Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заңына, сонымен қатар «ҚР Жоғары сот кеңесі» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді», - дейді ол.
Судьяның хабарлауынша, Жоғарғы Сот жанындағы сот жюриі екі комиссиядан тұратын болады. Бұл - біліктілік комиссиясы және тәртіп комиссиясы.
«Біліктілік комиссиясы 7 судьядан тұрады, олардың құрамына облыстық соттардың екі судьясы, Жоғарғы Соттың екі судьясы және отставкадағы үш судья кіретін болады. Ал тәртіп комиссиясы 9 судьядан тұратын болады. Олардың құрамына аудандық және оған теңестірілген соттардың үш судьясы, облыстық және оған теңестірілген соттардың 3 судьясы және Жоғарғы Соттың 3 судьясы кіретін болады», - деді ол.
Судьяның айтуынша, біліктілік алқасы жоғарыда айтылған заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты судьялыққа үміткерлер бір жыл тағылымдамадан өткеннен кейін, сол судьяға үміткерлерден біліктілік емтиханын қабылдайтын болады. Олар судьялық қызметке тағайындалғаннан кейін, бес жылдан кейін тағы да осы біліктілік алқасында емтихан тапсыратын болады. Сонымен қатар аудандық, облыстық және Жоғарғы Сот судьялары жоғарғы тұрған лауазымға байқауға қатысқан кезде өздерінің біліктілігін арттыру үшін осы комиссияда емтихан тапсыратын болады.
«Сонымен бірге аудандық соттардың төрағаларына, облыстық соттардың алқалық төрағаларына және облыстық соттардың төрағалары лауазымдарына байқауға қатысқан кезде осы біліктілік алқасында емтихан тапсырады. Тәртіптік комиссияда судьялардың әрекеттеріне келіп түскен істер бойынша, тәртіптік мәселесі бойынша қаралатын болады. Сонымен қатар Жоғарғы Соттың және облыстық соттардың төралқа мәжілісіне келіп тұрған ұсыныстарды қарайтын болады. Міне, Ұлт Жоспарының 19-қадамында көрсетілген сот жүйесіне қатысты мәселелер осындай. Бұл мәселелер сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стамбұл жоспарын орындау барысында енгізілген», - деп түйді сөзін Б.Мақұлбеков.