«100 қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға қаржының басым бөлігі шетелдік инвесторлардан келеді - Қ. Жақыпов

АСТАНА. ҚазАқпарат - «100 қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға қаржының басым бөлігі шетелдік инвесторлардан келеді. Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында сессия жұмысын қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов осылай мәлімдеді.

«Қазіргі таңда елімізде Мемлекет басшысы бастамашылық жасаған «100 нақты қадам» бағдарламасы жүзеге аса бастады. Бұған мысал ретінде заңдардың үстемдік құруына бағытталған заңнамалар топтамасының Парламентпен қабылданғанын атап өтуге болады. Бүгінгі күні азаматтардың сотқа және сол арқылы тұтастай мемлекетке сенімін нығайта түсетін сот жүйесін құрудың стратегиялық міндеті шешімін табуда. Осы тұста, Қазақстан тікелей шетелдік инвестиция тартудан ТМД елдерінде көшбасшы болып табылатынын да айта кеткім келеді», - деді Қ. Жақыпов.

Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы еліміздің инвестициялық және туристік әлеуетін көтеру үшін Үкімет қаулысымен визасыз режім тәртібі әлемнің экономикасы дамыған 20 еліне дейін арттырылғанын атап өтті. «Тоқтала кететін жайт, «100 қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға қаржылық салымның айтарлықтай ауқымды бөлігі шетелдік инвесторлардан келеді. Сондықтан да, біздің еліміз шетелдік инвесторлар мүддесінің қорғалуын кепілдендіруі керек», - деді спикер.