Бүгін Сенаттың төртінші сессия барысындағы жұмысын қысқаша қорытындылаған палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлімдеді.
Сөз арасында спикер Сенаттың заң шығармашылық қызметіне назар аудара келе, сессия аяқталғанымен депутаттар жұмысы жалғаса беретінін атап өтті. «Баршаларыңыз Мемлекет басшысы жариялаған бес институционалдық реформа аясында қарастырылған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына қатысты ауқымды шаралар туралы жан-жақты білесіздер. Қоғамдық қатынастар жүйесін толықтай жаңғыртуды қамтитын реформалар «Нұрлы Жол-болашаққа бастар жол» Жаңа экономикалық саясатымен және индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасымен тікелей байланысты. Сонымен қатар, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі еліміздегі тиісті құқықтық базаны жүйелі түрде жаңалауды талап етеді», - деді Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған байланысты Палата Төрағасы Парламенттің алдағы күзгі сессиясында ауқымды жұмыстар күтілетінін, терең зерделеп жедел қабылдауға тиісті құжаттар топтамасы келіп түсетініне назар бұрды.
«Ерекше атап өтерлік жайт, ұлтты жаңғыртуға негізделген Елбасы жоспарларының мінсіз орындалуы қабылданатын заңдардың сапасына тікелей байланысты. Осыған орай, бізді алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Сондықтан да біздің әрқайсысымыз Мемлекет басшысы жүктеген жауапкершілікті терең сезініп, бар күш-жігерімізді сала жұмыс істеуге тиіспіз», - деді Қ. Тоқаев.