100 миллион теңгеден асатын бюджет шығындары цифрлық теңгеге аударылады – Ұлттық банк

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда өтіп жатқан Central Asia Fintech Summit саммитінде Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов бюджеттік шығындар үшін цифрлық теңгелер қолданылуы мүмкін екенін айтты.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Цифрлық теңге 100 миллион теңгеден асатын бірқатар бюджеттік шығындар үшін пайдаланылады.

Бинұр Жәленовтың айтуынша, цифрлық теңгені қолданудағы артықшылықтардың бірі - пайдалану шарттарын бағдарламалау мүмкіндігі.

- Осылайша цифрлық теңгенің қалай жұмсалып жатқанын бақылай аламыз. Бұл мемлекеттік қаражатты орынсыз жұмсаудың алдын алады. Ақша нақты мақсатқа қолданылатынын білеміз, - деді Бинұр Жәленов.

Жыл басында цифрлық теңгені пайдалану бойынша бюджеттік салаларды анықтайтын тиісті бұйрыққа қол қойылды.

- Барлығын айта алмаймын, бірақ цифрлық теңге құрылыс, дәрі-дәрмектерді сатып алу және басқа да салаларға қатысты болады. 100 миллион теңгеден асса, тек цифрлық теңге қолданылады. Ол министрліктер немесе әкімдіктер болуы мүмкін, - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Қазір цифрлық теңгені пайдаланатын 50-ден астам белсенді жоба бар және олардың санын көбейту жоспарланып отыр.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары цифрлық теңгенің айналымын одан әрі кеңейту бойынша үкіметпен жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Еске салайық, бұған дейін үш жылдық бюджет жобасы Құрылтай қарауына енгізілгені хабарланды.