100 мың студент жасанды интеллект негізінде өз жобаларын әзірлеп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – AI-Sana бағдарламасының екінші кезеңі аясында 100 мың студент жасанды интеллект негізінде өз жобаларын әзірлеп жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Фото: Қозыбаев университеті

Оның сөзінше, AI-Sana бағдарламасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған. Бастаманың негізгі мақсаты – жасанды интеллект технологияларын пайдаланатын ғана емес, ел экономикасына қажетті қолданбалы жобалар әзірлей алатын жаңа буын мамандарды даярлау.

Бағдарлама жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлауға және студенттердің технологиялық бастамаларын қолдауға бағытталған. Алғашқы кезеңде қатысушылар жасанды интеллект бойынша базалық білім алып, жетекші халықаралық білім беру платформаларына қол жеткізді. Нәтижесінде 673 мыңнан астам сертификат алды.

— 2026 жылғы 15 сәуірден бастап «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен бағдарламаның екінші кезеңі басталды. Қазір 100 мың студент жасанды интеллект негізіндегі кәсіпкерлік бағытында білім алып, өз жобаларын әзірлеп жатыр. Бағдарламаға қатысу үшін 209 мың өтінім түсті. Іріктеу жалғасуда. Күн сайын орта есеппен 1 500 жаңа қатысушы қосылып отыр, — деді Динара Щеглова.

Вице-министрдің айтуынша, бұл кезеңнің басты ерекшелігі – теориялық білімнен тәжірибеге көшу. Студенттер өз идеяларын жобаға айналдырып, оларды жетілдіруді үйренеді. Кейін әзірлемелер нақты өнім деңгейіне дейін жеткізіледі.

Келесі кезеңдерде қатысушылар жобалық топтар құрып, жасанды интеллект жобаларын дамытады. Ал бағдарламаның соңғы кезеңінде бастамаларды Astana Hub және QazInnovations ұйымдарымен бірлесіп жетілдіру, нарыққа шығару және кеңінен енгізу көзделген.

Оның мәліметінше, бағдарламаны жүзеге асыруға Стэнфорд университеті мен Массачусетс технологиялық институтының өкілдері, халықаралық бизнес-мектептердің сарапшылары және Кремний алқабындағы венчурлік қорлар тартылған.

Қазір AI-Sana аясында 116 сағаттан астам оқу бейнематериалы дайындалған. Бағдарламаға 63 халықаралық сарапшы, оның ішінде Стэнфорд университеті мен Carnegie Mellon University профессорлары, сондай-ақ 29 инвестор мен венчурлік қор қатысып отыр.

Сонымен қатар оқу бағдарламасы экономиканың сегіз негізгі саласы бойынша әзірленген 46 тәжірибелік мысалға негізделген.

Айта кетейік, бұған дейін жүргізілген зерттеу нәтижесінде Қазақстандағы жұмыс күшінің шамамен 70 пайызында жасанды интеллектінің көмегімен еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік бар екені анықталған болатын.