«100 нақты қадам» еліміздің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге басты жауабы болады - ҚР Премьер-Министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттегі бұдан ары қарай реформалар бойынша «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарын жүзеге асыру еліміздің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге біздің басты жауабымыз болады. Бұл туралы бүгін Астанадағы Орталық және Оңтүстік Азия елдеріндегі зорлық-зомбылық экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік конференцияда ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мәлім етті.

«Көбінесе осы жағымсыз құбылыстарға нашар әлеуметтік және экономикалық орта итермелеп отырады. Көптеген мемлекеттер қазіргі заманғы сын-қатерлердің сынынан өтудің күрделі кезеңін еңсеруде. Осы орайда Мемлекет басшымыз 100 нақты қадамнан тұратын жаңа Ұлт жоспарын ұсынды. Бұл өз кезегінде бұдан ары қарайғы реформаларға негізделген. Осы қадамдарды жүзеге асыру жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап болады», - деді Премьер-Министр.

К.Мәсімов әлемдегі оқиғалар зорлық-зомбылықты экстремизм қауіптің басты көзіне айналғанын көрсетіп отырғандығын, осы орайда тығыз ынтымақтастық қажеттілік ететіндігін атап өтті.

Үкімет басшысы бүгінде Қазақстан экстремизмнің барлық құбылыстарына қарсы тиісті шараларды қабылдап жатқандығына тоқтала келе, қазіргі таңда еліміз осы бағытта түрлі халықаралық ұйымдар аясында лаңкестікке қарсы құрылымдармен белсенді жұмыстар жүргізіп жатқандығын жеткізді.