«100 нақты қадам»: Камералдық бақылаумен 60 мың мемлекеттік сатып алу қамтылып, 116 млрд. теңгенің заң бұзушылығы анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 93-қадамында «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң қабылдау міндеті жүктелген болатын. Күшіне енген сол заңға сәйкес, елімізде Камералдық бақылау институты енгізілді. Осыған орай, ағымды жылдың үш айында камералдық бақылаумен 60 мың мемлекеттік сатып алу қамтылды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

«Камералдық бақылау-ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудит объектілеріне бармастан, бюджеттік және басқа да заңнаманы бұзушылықтардың уақтылы жолын кесу және оларға жол бермеуге бағытталған ақпарат көздерін қолдау арқылы жүргізілетін қызмет. Осыған байланысты ағымды жылдың үш айында камералдық бақылаумен 60 мың мемлекеттік сатып алу қамтылды. Оның ішінде 17 мың сатып алу бойынша жалпы сомасы 116 млрд. теңгеге бұзушылықтар анықталды. Демек әрбір 4-інші сатып алу бұзушылықтармен жүргізілген», - делінген баспасөз баянында.

Министрліктің мәліметіне қарағанда, жауапты тұлғаларға бұзушылықтарды дербес жою үшін хабарламалар бағытталған. Айта кетерлігі, қателіктерді уақтылы жойған кезде лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Осыған байланысты 2016 жылдың 1 тоқсанында әкімшілік жауапкершіліктен 4 637 лауазымды тұлға босатылған.

«Жаңа институттың экономикалық тиімділігі зор. Камералдық бақылау объектілерге бармастан жүргізілетіндіктен, мемлекеттік аудит объектілеріне әкімшілік жүктеме төмендеді. Бұдан басқа камералдық бақылауды жүзеге асырған кезде уәкілетті орган іссапарлық шығыстарды көтермейді», - делінген баспасөз баянында.

Айта кетерлігі, 2015 жылы атқарылған жұмыстар барысында 2,7 млрд. теңгеге бұзушылық анықталған. 481 қызметкер жауапкершілікке тартылып, 249,1 млн. теңгеге келісімшарттық міндеттемелер бұзылды.