«100 нақты қадам»: ТМД нарығына шығуға әлеуетіміз толық жетеді - «Рза» АҚ президенті С.Имандосов

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асырудағы 100 қадамы әрбір сала бойынша нақты істі жүзеге асыруға негізделген. Онда өзім басшылық жасайтын шаруашылыққа қатысты ерекше мән берілген. Сүт және сүт өнімдерін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту жайы айтылған. Осылайша, ауылшаруашылығы өндіретін өнімдерге айрықша көңіл бөлініп отыр, дейді «Рза» АҚ-ның президенті Самұрат Имандосов.

«Рза» АҚ - Қызылорда облысындағы тұрақты жұмыс жасап келе жатқан, қуатты техникалық және өндірістік базасы, жоғары дәрежелі инженерлік-техникалық қызметкерлері, бай материалдық ресурстары бар ірі мекемелердің қатарында. Мұнда 1200-ден астам адам жұмыс жасайды. Сонымен қатар Қызылорда, Алматы және Астана қалаларында тұрақты өкілдері жұмыс жасап келеді.

«Рза-Асыл түлік» Қазақстанның индустриалдық даму картасының белсенді қатысушысы болып табылады. Аталмыш бағдарлама шегінде кәсіпорын 2010 жылы ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырды: экспортқа бағытталған сүт және ет өнімдерін өндіру бойынша типтік жобадағы тауарлы сүт фермасы және ауысымына 30 тонна сүт өңдейтін сүт зауыты салынды. Серіктестіктің негізгі қызмет түрі - асыл тұқымды мал шаруашылығы, ет және сүт өндіру және өткізу. Венгриядан 660 бас голштинофриз асыл тұқымды қашарлары әкелінді. Қазіргі таңда олардың саны 1600 басқа жетті. Әрбір сауын сиырдан 8000 литр сүт сауылып, жылына 5 500 тонна сүт өндіріледі. Кешенге қажетті құрал-жабдықтар Голландия, Ирландия, Германия мемлекеттерінен алынған.

Кәсіпорын президенті Самұрат Имандосовтың айтуынша, «Рза-Сүт» кәсіпорнының негізгі қызметі - сүт өнімдерін өңдеу және сату. Зауытта пастерлендірілген және ультрапастерлендірілген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май, құрт өнімдері шығарылады. Сүт өнімдері Қызылорда облысының аумағымен бірге Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында сатылуда.

«Егер 2013 жыл бойынша облыста 2714 асыл тұқымды мүйізді ірі қара мал басы болса, оның 60 пайызы «Рза» АҚ үлесіне тиесілі. 2013 жылы ауылшаруашылығы құрылымдары арқылы 5,8 мың тонна сүт өндірілсе, оның 5,4 мың тоннасы немесе 93,5 пайызы «Рза» АҚ үлесінде. Алдағы уақытта кәсіпорын мал басын 660 бастан 1200 басқа ұлғайтуға бағытталған жобаның екінші кезеңін іске асыруды жоспарлауда. Елбасының ұлт жоспарында көрсетілгендей, таяу жылдары ТМД елдері нарығына шығарылатын экспорттық өнімдер өндіруге кәсіпорынның әлеуеті толықтай жетеді», - дейді С.Имандосов.