«100 нақты қадам»: жаңа талаптар сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етеді - Ақжайық аудандық сотының төрағасы, БҚО
Оның айтуынша, елде демократиялық қағидаларды орнықтыру, халықтың бостандығы мен құқығын қорғауда тәуелсіз сот болу қажеттігін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздігіміздің басынан-ақ ерекше назарда ұстап келеді. Сондықтан Жоғарғы соттың тапсырмасы бойынша, сот жүйесінің алдына қойған талаптарды жүзеге асыру үшін жергілікті соттар сот төрелігін уақтылы, заң талаптарына сәйкес, әділетті және сапалы түрде жұмыстануға міндетті. Мысалы, қазіргі таңдағы сот жүйесі қызметінде «Төрелік», «Сот кабинеті», «Үн-бейне жазба құралын қолдану» сынды тетіктер сот ісінің ашықтығына және қолжетімділігіне орай енгізілген. «Төрелік» - бұл сотта қаралатын істерге ғаламтор желісі арқылы енгізілген бірыңғай жүйе. Яғни, сот істерінің ашықтығының дәлелі. Ал, «Сот кабинеті» - сот органдарының сервисіне электронды түрде кіруге арналған бірыңғай терезе. Азаматтар мен заңды тұлғалардың кез-келген өзіне ыңғайлы уақытта, үйден немесе кеңседен шықпай-ақ, онлайн режімінде «Сот кабинеті» интернет-сервисі арқылы электронды түрде өз талаптарын жолдауға, сондай-ақ істің қаралу барысын бақылауға мүмкіндіктері бар. Бұл - сот жүйесінің қолжетімділігінің көрінісі.
Сот жүйесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етудің басты мақсаты азаматтардың құқықтарын сақтау болып табылады. Әлбетте, сот төрелігін жүзеге асыруда әуелі судьялардың әділдігі талап етіледі. Бұл орайда Президентіміздің «Ең бастысы, сатылмайтын сот билігінің болуы елдің бүкіл құқықтық жүйесінің сапалы жұмысының міндетті шарты болып табылады», - деген сөзі ұдайы жадымызда. Ал сот жүйесінің ашықтығын жүзеге асыру мақсатында барлық соттарға қаралатын істерді үн-бейне жазба құралы арқылы, ал мүмкін болмаған жағдайда - үн жазба құралын жасақтау міндеті қойылғандығын баса айтып өту керек. Себебі, бұл тетік - сот ісін жүргізу реформасының институционалды жүйесінің жетілген қадамының бірі. Шын мәнінде, кез-келген сотта қаралған іс үн-бейне жазба құралымен жасақталады. Оны өзгертуге ешкімнің қақысы жоқ, оның ішінде судья да оған өзгертулер, түзетулер енгізе алмайды. Жазылған бейне дыбыспен тыңдалып, көзбен көрініп тұрады. Сондай-ақ, жергілікті соттар осы жазба құралы арқылы қаралған істердің есебін беріп отырады.
Ақжайық аудандық сотында 2015 жылғы шілде айының 10-ына дейін үн-бейне жазба және үн жазба құралы арқылы қаралған қылмыстық істердің саны - 46, оның ішінде үн-бейне жазба құралы арқылы - 45, үн жазбамен - 1; азаматтық істердің саны - 83, оның ішінде үн-бейне жазба құралы арқылы - 79, үн жазбамен - 4; әкімшілік істер саны - 261, оның ішінде үн-бейне жазба құралы арқылы - 253, үн жазбамен - 8; барлығы - 390 іс, оның ішінде үн-бейне жазба құралы арқылы - 377, үн жазбамен - 13. Бұл көрсеткіш әрбір іске жалғанатын «СД-таспа» құралымен дәлелденеді және тағы бір мәрте сот билігінің ашықтығын және қолжетімділігін көрсетеді десек, артық айтпаймыз.
«Мемлекет басшысы сот қызметін сапалы әрі мәртебелі ету үшін ұсынған институционалдық реформасын кезең-кезеңмен жоспарлауды тапсырып, оны жүзеге асыруда судьялар мен сот қызметкерлерінің әділ де шыншыл, объективті болуларын талап етіп отыр. Бұл талаптың негізгі мақсаты азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғаудың тиімділігін арттыру болып табылады», деп түйіндеді ойын Ә.Құлекешев.